Сарыарқаның қоңыр салқын желі есіп тұрған Ұлытау төскейіне табан тиген сәттен-ақ, жүрекке бір ерекше толқу ұялайтыны сөзсіз. Бұл өлкеде әр қадам сайын тарих сөйлейді, әр таста елдік пен еңбек шежіресі жатыр. Солардың ішінде бір тұлғаның тағдыры, бір тұлғаның өр рухы бүкіл кеңістікті нұрландырып тұрғандай сезіледі. Ол — қазақ ғылымының шамшырағы, алып тұлға Қаныш Имантайұлы Сәтбаев.
Бүгін мен «Қазақмыс» корпорациясының академик Қаныш Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейіне барып, бір сәт «Сәтбаев әлеміне саяхат» жасап қайттым. Музей табалдырығын аттаған сәттен бастап-ақ ғалымның өмір жолы, еңбегі мен рухани дүниесі көз алдыңнан тізбектеліп өтіп жатқандай. Әр зал — бір кезең, әр жәдігер – бір естелік, әр бұрыш — тұтас тарихтың ізі.
Менің назарымды бірден тартқан — көрген көздің жауын алатын, айрықша бір зал. Мұнда академиктің отбасы қолданған жиһаз коллекциясы тұр: үстел, орындық, дөңгелекті шағын үстел, арқалы орындық, комод, диван, шынылы асадал, кереует, шарайна… Әр заттың өзі бір дәуірдің үнін жеткізеді. Тылсым тыныштықта осы бөлмеге ұзақ қарап тұрып, кен өндірісі мен геология әлемін жаңартқан ғалымның отбасы, тұрмысы, жан дүниесі жайлы ойға батасың. Ғалымды білетіндер оның еңбексүйгіштігімен қатар, қарапайым, кең жүректі жан болғанын жиі айтады — сол қасиет осы жиһаздардың салмақты сабырынан да аңғарылады.
Жиналған жәдігерлердің ішіндегі ең бағалысының бірі — Қаныш Имантайұлының жарты ғасырлық мерейтойында әріптестері сыйға тартқан жатын бөлме жиһазы. Бұл жиһаз кейін ғалымның қызы Мейіз тарапынан әкесінің 110 жылдығына орай museum-ге табысталыпты. Бір отбасының қастерлі мұрасы енді бүкіл елдің ортақ қазынасына айналған. Осындай аманат арқылы ұлы тұлғалардың өмірі келешек ұрпаққа жалғасып, олардың рухы жасай беретініне сенесің.
Сәтбаев әлемі – тек ғылым мен еңбектің әлемі емес. Бұл — елге деген сүйіспеншіліктің, тау тұлғаның табандылығы мен парасатының әлемі. Музейден шығып бара жатып, даланың кең тынысын қайта сезіндім. Ұлытау аспаны астында Қаныш Сәтбаевтың рухы әлі де асқақтап тұрғандай: туған жерге адал қызмет ету, білімге ұмтылу, ел болашағына терең оймен қарау — оның өмірлік өсиеті болып қала береді.
Бүгінгі саяхат маған бір ақиқатты тағы бір мәрте дәлелдеді: ұлы адамдар жасаған істердің ғұмыры ұзақ. Олардың ізін жалғау — бізге аманат.
PS: Әгәрәки жолыңыз қазақ мысының астанасы — Жезқазған өңіріне түсе қалса, академик Қаныш Сәтбаевтың тарихи-өндірістік мұражайына арнайы соғып, ұлы ғалымның мұрасына көз жүгіртіп қайтуға кеңес беремін.
Қобланды АБЕНОВ












Comments