Жаңалықтар

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ЖАҢА ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ КӘСІПОРЫН ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысы, Ордабасы ауданының Бадам ауылдық округіне қарасты Қарабастау ауылында фармацевтика саласы бойынша жаңа өндіріс орны – «Дарын-2030» фармацевтикалық кәсіпорнының ашылу салтанаты өтті. Бұл нысан өңірдегі индустриялық-инновациялық саясаттың нақты нәтижелерінің бірі болып саналады.

Заманауи талаптарға сай жабдықталған зауыт клиникалық-бактериологиялық зертханаларға арналған жоғары технологиялы медициналық реагенттерді өндіруге бағытталған. Мұнда халықаралық стандарттарға сәйкес «қоректік ортаға арналған дефибринделген қой және жылқы қаны (зарарсыздандырылған)» мен «қоректік ортаға арналған инактивтелген жылқы сарысуы» сияқты сұранысы жоғары өнім түрлері шығарылатын болады. Бұл өнімдер отандық медициналық мекемелердің зертханалық жабдықтарын жергілікті деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Кәсіпорынның негізін қалаушы – фармацевтика саласында 40 жылдан астам тәжірибесі бар провизор, жоғары санатты маман Гулия Бексултанқызы Джузенова. Ол жаңа өндірістің басты мақсаты – отандық медициналық өнімдерді шығару арқылы импортқа тәуелділікті азайту және өңір тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту екенін атап өтті.

Салтанатты шараға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, аудан әкімі Азат Оралбаев және саланың ардагер мамандары қатысты. Өз сөзінде Нұралы Әбішов жаңа кәсіпорынның ашылуы ел экономикасының инновациялық бағыты мен өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырудағы маңызды қадам екенін айтты.

– Мұндай фармацевтикалық өндірістердің іске қосылуы – еліміздегі индустриялық-инновациялық саясаттың нақты нәтижесі. Ең бастысы, бұл нысандар өңір экономикасын әртараптандырумен қатар, халықтың денсаулығын қорғау саласына зор үлес қосады. Түркістан облысы бүгінде жаңа технологияларға негізделген жобалардың орталығына айналып келеді, – деді мәслихат төрағасы.

Аудан әкімі Азат Оралбаев та өз кезегінде тұрғындарды және кәсіпорын ұжымын маңызды бастамамен құттықтады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде жоғары технологиялы, импортты алмастыратын өнімдер өндірісін дамытуға ерекше назар аударылып келеді. «Дарын-2030» серіктестігінің бастамасы осы бағыттағы сәтті жобалардың бірі. Бұл тек жаңа жұмыс орындары емес, сонымен қатар ел медицинасының сапалы өнімдермен қамтамасыз етілуіне қосылған елеулі үлес, – деді аудан басшысы.

Кәсіпорын аумағын аралау барысында қонақтар зауыттың өндірістік желісімен, зертханалық жабдықтарымен және сапаны бақылау жүйесімен танысты. Заманауи технологиялар негізінде жұмыс істейтін зауытта өнім сапасы халықаралық стандарттарға сай тексеріліп, әр партия арнайы сынақтан өтеді.

Жаңа фармацевтикалық өндіріс орны іске қосылған соң алғашқы кезеңде 30-ға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Болашақта өндіріс көлемі ұлғайған сайын жұмыс орындарының саны артып, өнім түрлері де көбеймек.

Бұл бастама өңір экономикасын әртараптандырумен қатар, медициналық және биотехнологиялық салалардың дамуына серпін береді. Сонымен қатар кәсіпорынның ашылуы Түркістан облысында шағын және орта бизнесті қолдау, инновациялық өндірісті дамыту және шетелдік тәуелділікті азайту бағытындағы нақты нәтижелі жобалардың бірі болып отыр.

МӘМС: Шымкентте 70-ке жуық мекеме стоматологиялық қызмет көрсетеді

Алдыңғы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 180 НЫСАННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *