Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз конференциясында Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ешанқұлов Сапарбек Еркінбекұлы 2026 жылдан бастап салық заңнамасына енгізілетін өзгерістер туралы айтып өтті.
Елімізде қабылданған жаңа Салық кодексі кәсіпкерлікке түсетін жүктемені азайтып, салық жүйесін жеңілдетуге бағытталған. Құжат шағын және орта бизнесті, әлеуметтік және өндірістік секторды қолдауға арналған нақты өзгерістерді қамтиды.
Корпоративтік табыс салығының негізгі мөлшерлемесі – 20 пайыз. Ауыл шаруашылығы және балық шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін – 3%, кооперативтер үшін – 6%. Әлеуметтік сала ұйымдарына 2026 жылы 5%, 2027 жылдан бастап 10% мөлшерлеме қолданылады.
Қосылған құн салығы (ҚҚС) 2026 жылдан бастап 16% болып бекітіледі. Медицина мен білім саласында төмендетілген ставка енгізіледі: 2026 жылы – 5%, 2027 жылдан бастап – 10%. Құрылысы 2026 жылға дейін басталған тұрғын үйлерді сату ҚҚС-тан босатылады.
Жеке табыс салығы бойынша прогрессивті жүйе енгізілді: жылдық табысы 35 млн теңгеге дейінгі азаматтар 10%, одан жоғары табысқа 15% төлейді. Әлеуметтік жеңілдіктер де кеңейді – мүгедектігі бар азаматтар үшін шегерім көлемі 882 АЕК-тен 5000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Жер және көлік салығы бойынша да жаңалықтар бар. 10 жылдан астам пайдаланылған көліктерге 0,7, 20 жылдан асқан көліктерге 0,5 коэффициенті қолданылады. Ал жер заңнамасын бұзғандар үшін базалық ставка 40 есеге дейін көбейеді.
Арнайы салық режимдері оңтайландырылды – енді тек үш түрі қалады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жеңілдетілген декларация негізіндегі режим және шаруа қожалықтары. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар табысының 4%-ын ғана төлейді.
Салық есептілігі 30%-ға қысқарды, бұрынғы 39 нысанның 12-сі алынып тасталды. Құжат айналымы электрондық форматқа көшіріліп, тексеру мерзімдері қысқартылды.
Жаңа Салық кодексі салықтық әділдікті арттырып, бизнестің дамуына және азаматтардың әлеуметтік қорғалуына серпін береді. Құжат нормалары 2026 жылдан бастап кезең-кезеңімен күшіне енеді.













Comments