Шымкент қаласы бүгінде қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Алайда қала дамуының көлеңкелі тұстары да жоқ емес. Соның бірі – заңсыз ойын бизнесі. Бұл – тек құқық бұзушылық қана емес, сонымен қатар әлеуметтік тұрақтылық пен азаматтардың әл-ауқатына қауіп төндіретін фактор.
Қазақстанда ойын бизнесі «Ойын бизнесі туралы» Заңмен реттеледі. Бұл заңға сәйкес, казино мен ойын автоматтары тек арнайы аймақтарда – Қапшағай мен Бурабайда ғана жұмыс істей алады. Алайда, заңның бұл талабын елемей, елдің басқа өңірлерінде, оның ішінде Шымкентте де жасырын ойынханалар мен букмекерлік нүктелер ашылып жатқан жағдайлар жиі кездеседі. Мұндай мекемелер көбіне интернет-клубтар, лото залдары, тіпті дүкендердің артқы бөлмелері ретінде жұмыс істейді. Бұл әрекеттер салық төлеуден жалтаруға, криминогендік ахуалдың нашарлауына және халықтың, әсіресе жастардың құмар ойынға тәуелді болуына әкеледі.
Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті заңсыз ойын бизнесімен күресті күшейткен. 2025 жылдың өзінде қалалық экономикалық тергеп тексеру департаменті бірнеше заңсыз ойын орнын анықтап, иелеріне қатысты ҚР ҚК 307-бабы бойынша қылмыстық істер қозғаған. Мұндай рейдтер кезінде ойын автоматтары, компьютерлер, кассалық аппараттар және қаражат тәркіленуде. Сонымен қатар, интернет арқылы жұмыс істейтін ойын платформаларына тосқауыл қою мақсатында киберқадағалау жұмыстары да жүргізілуде.
Заңсыз ойын бизнесінің басты құрбандары – көбінесе жастар мен әлеуметтік осал топтар. Олар оңай ақша табамын деген үмітпен ойынға тәуелді болып, соңында отбасынан, жұмысынан, тіпті еркіндігінен айырылып жатады. Бұл жағдай қоғамдағы моральдық-этикалық құндылықтардың әлсіреуіне және отбасылық дағдарыстарға себеп болады. Сонымен қатар, мұндай бизнестер мемлекетке салық төлемейді, яғни ел экономикасына зиян келтіреді.
Заңсыз ойын бизнесімен күресте тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның қатысуы маңызды. Тұрғындар күдікті мекемелер туралы дер кезінде хабарлап, бұл бағытта белсенді азаматтық позиция танытуы тиіс. Сонымен қатар, жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, құмар ойынның зардаптарын көрсету маңызды.
Шымкентте заңсыз ойын бизнесіне жол жоқ

Comments