ЖаңалықтарҚоғамМәдениетРуханият

БАЙТҰРСЫНОВ ТОЙДА ЖҮР

Той – халықтың салт-дәстүрі мен мәдениетінің тоқайласатын орны. Ежелде ата бабамыз тойды ұлттық тәрбие бесігі деп бағалаған. Аттың жалында, түйенің қомында тірлік кешкен елдің әдебиеті ауызда, өнері өреде жүріп дамып, ел жиналған той мен тойшықта төрге озып, өнердің де бағын ашатын, бақ сынайтын орын болған.

Бүгінгі қазақтың той-жиынына сын айтушылар да, мін айтушылар да жетерлік. Солай бола тұрса да тойдан тартынып жатқан ешкім жоқ. Тойдағы даңғазалық пен дарақылық жыл сайын күшеймесе, бәсеңдеп жатпағаны белгілі.

Жуырда ғана бір тойдың шымылдығын Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы ашқанда таң қалыстық. Ойымызға алдымен “Бұл қалай?” деген сұрақ түсті. “Байтұрсынов тойда жүр” деген ойдан бір сәтке көңіліміз қоңылтақсып қалса да, жас баланы атқа да, таққа да отырғызбай, ұлы тұлғаның жанына ерткенін сол тұлғаға ұқсасын деген ата-ананың арманы, сонымен бірге бүгінгі той дәстүрінің мәдениет пен руханиятқы мойын бұруы деп те бағамдадық.

Ел ішінде сәнге айналып келе жатқан осы жаңаша үрдіс жайлы толық білмек ниетте ұстаз рөлін сомдап жүрген ҚР Еңбегі сіңген қайраткер, актер, драматург Байғали Есенәлиевті сөзге тарттық:

— Байғали аға, бар қазаққа Ахмет болып танылып жүргеніңізге де біршама уақыт болды. Кинода ғана емес, өмірде де Ұлы ұстаздың сыртқы келбетін стиліңіз ретінде қалыптастырып алғандайсыз. Ал рухани болмыс жағынан Ахмет атаға қаншалықты ұқсадыңыз?

— Ахмет атамызға дейін де көп рольдер болды ғой. Бірақ, жаныма жақын болғандықтан ба, Ахмет ролінің орны мен үшін бөлек. Ал, стиль қалыптасу жағына келсек, мен Ахметті өзіме қалыптастырған жоқпын. Керісінше соған өзім бұрылып кеттім-ау деймін. Олай дейтінім, өз бойымдағы кейбір жетіспей жатқан қасиеттерді осы Ұлы адамның бойынан тапқандаймын. Мың қайталаудан жалықпаймын; көк тиын ақы-пұлсыз өзінің азап пен бейнетке толы өмірін халқының болашағына түгелдей арнау үшін қаншалықты сүйіспеншілік, парасат пен сабыр керек? Ойлап қараңызшы, он жыл айдауда, жүріп, бес рет түрменің азабын тартқан азғана ғұмырда қаншама іс тындырып кеткен.!?

Мен айналама қарап, замандастарымның ой-пайымына қарап отырып сол Ахаңдардағы қасиеттің жұғынын іздейтін болдым. Кейде жылт ете қалғандай болады. Бірақ, бас пайдасы алдыңғы орынға шығып кеткен, және соны дұрыс деп ұғынған ұрпақтың бойынан оны іздеудің өзі де күлкілі сияқты. Десек те, ондай азаматтар бар. Аз әрине. Бірақ, бар.

Өз бойыма сіңіріп барып Ахметті сомдамасам көрермен сенбес еді әрине. Бірақ киноға түсу барысы басқа, өмір басқа. Бір рольден соң екінші роль келуі мүмкін. Барлығын бір сарынмен жасауға тағы болмайды. Жалпы актер болмысы – кейіпкерлер фонотекасы секілді. Оның әрқайсысы өзіңе қымбат. Тіпті жағымсыз кейіпкеріңді де жамандыққа қимай тұрасың.

Олармен салыстырғанда Ахаң асқар тау емес пе? Жақсыдан шарапат. Түгелдей айналып кетпейсің әрине. Бірақ, рухани болмысыңа көп әсер етеді екен. Мысалы; бұрынғы қылықтарыңның көбіне сын көзбен қарай бастайсың. Орынсыз істерден, ыржың-тыржыңдардан аулақтайсың. Барлық түйінді шешімдердің алдында, шіркін-ай Ахаңдар болса осы мәселені қалай шешер еді деген ой келеді. Осының бәрі айналып келгенде Алаш арыстарының өмірімізге араласа бастағанындай көрінеді.

Ал, сыртқы келбет жағын айтқанда мына сақал-мұртым ғой. Иә, бұрын жоқ болатын (сақалды айтам). Кездесулерге көп шақырады (мектеп, жоғары оқу орындары, әртүрлі мекемелер!. Мүмкіндік болса кинодағы келбетіңізбен келіңізші дейді. Кәзір театрда емеспін. Сақал-мұртты қайдан алам? Сосын оны жапсырып беретін гример қайда? Басты қатырмайын дедім де, өзім өсіріп алдым. Кәзір үйреніп кеттім, және ұнайды да.

— Сырт бейнеңізді Байтұрсыновқа ұқсату қиын болмады ма? Мысалы, фильмдегі Байтұрсыновтың пенснесін сонау Петербордағы музейден алдырғанын білеміз.

— Ахмет образының тағы бір ерекше деталі пенснесі. Фильмді түсірер алдында бұл кәдімгідей проблема болған. Фильм продюсері Айсәуле ханым Петерборға тапсырыс беріп, әрқайсысын қаншадан алғанын естігенде естен тана жаздағанбыз. Алғашқы кездесу, іс-шараларға Айсәуледен сұрап алып жүрдік. Қымбат дүние болған соң қайтарғанша асығасың. Оның үстіне Ахмет атаның таққан пенснесінің көшірмесін табу мүмкін емес қой. Сөйтіп жүргенде Францияда оқитын қызым Ақерке тосын сый жасады. Фильмді түсіру барысында, кездесулерде осы пенсне туралы айтқандарым көкейінде қалса керек. Францияда жүріп антиквариат дүкендерін аралап жүріп тұп-тура Ахаң таққандай пенснені іздеп тауыпты. Өткен ғасырдың “көзі” болған ескі пенснеге қызыққан жас қызға таңданып, оны нестейтінін сұрапты. Қызым асықпай қазақ деген ұлттың Ахмет Байтұрсыновтай ағартушысы болғанын, елі үшін еткен еңбегі мен тартқан азабын, саяси қуғын-сүргін құрбаны болғанын әңгімелеп беріпті. Сол ұлы ұстаздың тұлғасын сомдап жүрген әкесіне осы дүниенің қат боп жүргенін естіген антиквар Бальдо пенснені газетке ұқыптап орап, “қазақ халқы туралы ойым биікке көтеріліп қалды. Мынау менің әкеңе сыйым болсын” деп беріп жіберіпті.

— Ахмет Байтұрсынов экраннан шығып бүгінде тойда жүр. Мұны халық қалай қабылдауда?

—Тойға бірден барған жоқпыз. Алғашында Алматыдағы көңіл көтеру орталықтары басшыларынан сұраныс түсті. Онда да бірден бізге емес, продюссер Айсәуле ханымға. Сосын арнайы сценарий дайындап Ахмет, Міржақып, Мұхтар, Жүсіпбек образдарымен бардық. Өте жақсы қабылданды. Сосын Түркістан облыстық әкімдігі мен ішкі істер басқармасы бірлесіп үлкен іс-шара өткізіп соған шақырды. Келесі жылы Астанадағы «Тары», «Сандық» ресторандар желісінің басшылары шақырды. Шақырғандар көп болды, әлі де шақыра береді. Ойлап қараңыз бастан-аяқ ән мен би адамды жалықтырады. Эстраданың небір менмін деген жұлдыздары бірінен кейін бірі қиқулатып жатқанда бір сәт тыныштық орнап, жарық сөніп сонау жақтан Әлихан, Ахметтер келе жатқанда халықтың санасында қаншалықты өзгеріс болатынын ойлап қараңызшы. Сонау заманнан тойдың ортасына кіріп келгендей естен тандырған Алаш Арыстары өздерінің қоңыр үндерімен халқының болашағы туралы, елдің ертеңі туралы ойларын ортаға салған кезде, манадан бергі ырду-дырдудан шаршай бастаған халық өзінің асылдарымен жылап көріседі.

— Ұсыныс түскенде қалай қабылдадыңыз?

— Қалай болар екен деп алаңдағанымыз рас. Егер дұрыс бағытта болмаса, халық жеңілдеу қабылдап, мыналары несі десе қайтеміз дестік. Абыройға қарай олай болмады. Айттым ғой халық өзінің өткенімен жылап көрісті. Тіпті жүгіріп келіп, сурптке түсіп, көкейінде жүрген сұрақтарын қойып жатады. Осының бәрі айналып келгенде Алаш арыстарына деген құрмет, соларға деген ыстық сағыныш, өксікке толы өкініш. Біздің тойларда жетіспей жүрген бір нәрсе осы сияқты еді.

Бұл қазақтың той дәстүрін мәдениетке қарай бұру ма, әлде қаржы табудың көзі ме?

— Артық табыс әркімге де керек әрине. Бірақ, бұл жердегі басты нәрсе ол емес. Осыдан біраз жыл бұрын «Ахмет. Ұлт Ұстазы» шықпай тұрып тойға немесе үлкен іс-шараларға Ахмет, Міржақыптарды шығарайық десе кім-кімнің де қабылдай қоюы екіталай еді. Мұрат Есжан түсірген «Ахмет. Ұлт Ұстазы», «Оян Қазақ» телехикаялары Алаш арыстарын елімен еңіретіп көрістіріп, қауыштырған айтулы оқиға болды. Бұрынғы тойдың басталуында Қыдыр ата, Ұмай ана,т.б. кейіпкерлер шығып бата-тілектер айта бастайтын. Ол да жалықтырды. Алғашында “бәрекелді” деп қабылдағанмен кейінгі кезде ешкімді селт еткізбес, таптаурын нәрсеге айналды. Міне содан сақ болуымыз керек! Ахмет қылып неге екінің бірін шақырмайды? Өйткені, біз алдында міндетті түрде фильмнен үзінді көрсетілуін талап етеміз.

Әр тойға өзіне сай арнайы сценарий жазылып, білім мен ғылымның адам үшін, қазақ баласы үшін қандайлықты маңызды екені туралы Ахмет атамыздың сөздерін, өсиеттерін қолданамыз. Біз оны көркемдеп бір жүйеге түсіру үшін продюссерге хабарласуын өтінеміз. Сценарий дайын болғанда танысамыз. Көңілден шықса, халыққа жағымды әсері болады-ау дегендеріне барамыз.

Ал, той мәдениетіне келер болсақ, әрине, қарапайым халық театрда емес, тойда кездесетін жағдайға жеттік. Халық арзан шоулардан шаршаған кезде классикаға қайта бет бұрады. Мұның бастамасы кешегі ұлт зиялыларына арналған фильмдерден бастауы, ұлттық киімдеріміздің қайта жаңғыртылып, киіле бастауы,енді осыны жалғастырып әкете алсақ керім болар еді.

А.Байтұрсыновты тойға шақыруы, баласын жетектетіп, батасын алуы да, атқа мініп, таққа отыру сияқты арзан шоулардан шаршаған халықтың өз сұранысы. Яғни, тойларымыз да мәдениетке бет бұра бастады деп қуансақ болады.

— Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген

Бақтыгүл АУДАН

 

 

 

ҚАЗАҚСТАН – БІРЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚТЫҢ МЕКЕНІ

Алдыңғы

ЕЛДЕ «REPUBLIC DAY» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ: РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ МЫҢДАҒАН ТАУАРҒА ЖЕҢІЛДІКТЕР

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *