Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының талаптары кәсіпкерлерге мемлекеттік тілге қатысты бірқатар міндеттерді жүктейді. Бұл заңдар азаматтардың тілдік құқықтарын қорғауды көздейді және тілге қатысты талаптарды белгілейді, соның ішінде дәмхана, мейрамхана иелері мен басқа да кәсіпкерлерге ерекше назар аударылған.
Ең алдымен, Қазақстан Республикасының Конституциясының 14-бабы мен «Тіл туралы» ҚР Заңының 7-бабы азаматтардың тілдік құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған. Осы заңдар негізінде әрбір азаматтың ана тілінде сөйлеу және қызмет көрсету құқығы бар. Сондай-ақ мемлекет өз азаматтарының тілдік құқықтарын кемсітпеуі және олардың тілдік таңдауларын еркін жүзеге асыруға мүмкіндік беруі тиіс.
Кәсіпкерлердің міндеті – өздерінде орналасқан қоғамдық орындарда, соның ішінде дәмхана, мейрамхана және басқа да кәсіпорындарда көрнекі ақпаратты міндетті түрде мемлекеттік тілде рәсімдеу. Бұл талап ҚР «Тіл туралы» Заңының 21-бабында нақты көрсетілген. Жарнама, маңдайша, хабарландыру, мәзір, баға көрсеткіштері, деректемелер және басқа да ақпараттар қазақ тілінде болуы тиіс. Бұл заңның негізгі мақсаты – қазақ тілінің мәртебесін арттыру және оның қоғамдағы қолданысын кеңейту. Кәсіпкерлерге ұсынылатын тағы бір маңызды ақпарат – олар аз мәзірін қазақ тілінде әзірлеу барысында Республикалық терминология комиссиясы мақұлдаған «Тағам атаулары сөздігімен» танысуы керек. Бұл сөздік кәсіпкерлерге тағам атауларын дұрыс жазу және кәсіби тұрғыдан дұрыс терминология қолдану үшін әдістемелік көмек береді.
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл болып табылады және оны қолдану барлық кәсіпорындар үшін міндетті. Сонымен қатар, қосымша орыс тілі немесе басқа тілдерде ақпарат беру рұқсат етіледі, алайда бұл тек қазақ тіліне қосымша ретінде жасалуы тиіс. Бұл ереже көрнекі ақпараттың қазақ тілінде басым болуын қамтамасыз етеді, ал орыс және басқа тілдер тек қосымша сипатта болады.
Қорытындылай келе, кәсіпкерлер мемлекеттік тілдің талаптарын сақтау арқылы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге өз үлестерін қосуы қажет. Мемлекеттік тілде қызмет көрсету, көрнекі ақпараттарды қазақ тілінде рәсімдеу және тілдік құқықтарды қорғау кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы қоғамның да мәдениетін дамытуға ықпал етеді.
Comments