Созақ ауданы, Жуантөбе ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен, қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ғұлама философы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Абай еліне саяхат» атты әдеби ойын сағаты өткізілді. Бұл шараның басты мақсаты – оқырмандарды кітап оқуға баулу, кітап оқу мәдениетін дамыту, сондай-ақ ұлы Абайдың рухани мұрасын насихаттау. Бүгінгі күні кітап оқу мен білімге ұмтылу мәдениеті қоғамда өте маңызды рөл атқарады. Әрбір оқырманның Абайдың шығармашылығына деген қызығушылығын арттырып, оның өлеңдерін, қара сөздерін ұғыну арқылы рухани тәрбие беру – біздің басты мақсатымыз.
Абай Құнанбайұлының шығармалары халқымыздың рухани мұрасын байытатын іргелі дүние болып табылады. Оған деген құрметті арттыру және жастар арасында оқырмандық мәдениетті дамыту үшін әртүрлі шаралар ұйымдастыру қажет. Білімге ұмтылу, кітап оқуды әдетке айналдыру, әсіресе жас ұрпақты осы игі іске баулу – бүгінгі таңдағы маңызды міндеттердің бірі.
«Абай еліне саяхат» әдеби ойын сағатының барысында кітапхананың белсенді оқырмандары Тайбек Арнұр мен Нұрәліқызы Айзере А.Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа айтып, көрермендерді тәнті етті. Оқырмандар өздерінің Абай шығармаларына деген терең қызығушылықтарын көрсете отырып, ақынның рухани мұрасын ерекше ықыласпен тыңдады. Кітапханашы П.Сазанова оқырмандарға ұсынылған ойындарды ойнатып, көрмеге шолу жасап, А.Құнанбайұлының шығармаларымен таныстырып өтті. Бұл шара барысында кітапхана қызметкерлері Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін тереңірек түсіндірумен қатар, оқырмандарды кітап оқу, әдебиетке деген қызығушылықты арттыру және әдеби шығармалар арқылы рухани байлыққа қол жеткізуге шақырды.
Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне зор үлес қосқан ұлы тұлға Абайдың шығармалары қазіргі уақытта да өзекті және маңызды. Оқырмандар арасында Абайдың философиялық ойлары мен өлеңдері арқылы адамгершілік, білімге деген құштарлық, елжандылық сияқты қасиеттерді насихаттау, жастарды адамдық құндылықтар мен ұлттық рухқа тәрбиелеу – ең алдымен, әрбір кітапхана мен мәдени орталықтың маңызды міндеті.
Абайдың шығармашылығын дәріптеу, оның рухани мұрасын насихаттау арқылы, біз оқырмандарға тек тіл мен әдебиеттің қыр-сырын үйретіп қана қоймай, сол арқылы ұлттық бірлігімізді, мәдениетімізді, рухани болмысымызды терең түсінуге жол ашамыз. Бұл шара, әрине, жастардың кітапқа, білімге деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың терең ойлауға, ізгілікке, ұлтжандылыққа ұмтылуына ықпал етеді.
Comments