Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан құрылған «Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіру жөніндегі жобалық кеңсе» басшысы Сағындық Фарида, сондай-ақ Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мирова Күміс Кемелқызымен маңызды әрі нәтижелі кездесу өткізді.
Бұл кездесудің басты мақсаты – отбасы институтын нығайту, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру және отбасылық құндылықтарды қоғамда кеңінен дәріптеу бағытындағы жұмыстарды бірлесіп дамыту болды. Тараптар өзара тәжірибе алмасып, әлеуметтік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану әдістері мен жаңа жобаларды іске асыруға қатысты кең көлемді пікірталастар ұйымдастырды.
Сонымен бірге, кездесуде Қазығұрт ауданындағы әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асу барысы жан-жақты талқыланды. Халықпен кері байланысты күшейту, әсіресе әлсіз және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топтарға көрсетілетін көмекті арттыру мәселелері де кеңінен сөз болды. Бұл тұрғыда қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту бағытындағы жаңа мүмкіндіктер қаралды.
Сонымен қатар, делегация мүшелері Қазығұрт ауданындағы “Отбасын қолдау орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің күнделікті жұмысымен танысып, орталық қызметкерлерімен ашық пікір алмасу өткізді. Орталықта көрсетілетін психологиялық көмек, құқықтық кеңес беру, әлеуметтік қолдау шараларының маңыздылығы мен тиімділігі ерекше назарға алынды. Бұл қызметтер арқылы отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету жүйесі қалай ұйымдастырылғаны туралы толық ақпарат алынды.
Кездесу соңында тараптар отбасы институтын қолдау бағытындағы жүйелі жұмыстарды үйлестіру, жергілікті деңгейде тиімді тәжірибелерді енгізу және жаңа жобаларды дамытуға бірлескен күш салу қажеттігін атап өтті. Мұндай ынтымақтастық арқылы әлеуметтік тұрақтылық пен отбасының берекесін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдар жасалатынына сенім білдірілді.
Comments