2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында ауданға 9,4 млрд теңге тікелей инвестиция тартылды. Қазіргі таңда өнеркәсіп өнімінің көлемі 20,6 млрд теңгені құрап отыр. Бұл туралы Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
«Ауылшаруашылық саласында биыл қаңтар-мамыр айларында 14,3 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Биылғы егіс науқанында 71 600 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Дәнді дақылдар – 38 мың га, майлы дақылдар – 5,3 мың га, мақта – 6,4 мың га, көкөніс, бақша, картоп – 4,9 мың га, мал азығы дақылдары – 17 мың га. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 350 гектар жерде 125 жоба жүзеге асырылуда. Су үнемдеу технологиясы бойынша биыл 1 333 гектарға енгізіледі. Оның 1 188 гектарын тамшылатып суғару, 145 гектарын жаңбырлатып суғару жүйелері құрайды. Аудандағы 129,4 гектар жылыжайда 12 мың тонна көкөніс өнімдері өндіріледі. Бұдан бөлек, аудандағы 14 705 шағын кәсіпкерлік нысандарында 21 407 адам жұмыспен қамтылған. 2025 жылы өндірілген өнім құнын 208,6 млрд теңгеге жеткізу жоспарлануда. Аудан аумағында «Ордабасы» және «Бадам» индустриалды аймақтары орналасқан. Қос индустриалды аймақтың жалпы аумағы — 106 гектар. Онда құны 30 млрд теңгеден асатын 10 жоба жүзеге асуда. Аталған аумақтарда 1200-ге жуық адам жұмыспен қамтылған»- деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 3 медициналық нысан пайдалануға берілген. Нәтижесінде аудан бойынша денсаулық сақтау нысандары 100 пайызға жаңартылды. Аудан бойынша 54 елді мекен сапалы ауыз сумен қамтылған. Қалған 3 елді мекенде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін аймақтағы бүкіл елді мекен 100 пайыз ауыз сумен қамтылатын болады. Сондай-ақ, өңірдегі 36-ы ауыл табиғи газ жүйесіне қосылған. Ендігі кезекте қалған 21 елді мекенге газ жеткізу жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып, 2026 жылдың аяғына дейін аудан тұрғындарын толық көгілдір отынмен қамту жоспарлануда. Сонымен қатар, аудан бойынша 57 елді мекен толық электр қуатымен қамтылған. Биыл «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан 7 дана трансформатор ауыстырылатын болады. Аудан бойынша жалпы ұзындығы 230,4 шақырымды құрайтын 201 көшеде жарықтандыру құралдары орнатылған. Бұдан бөлек, биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 8 елді мекендегі 28 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, аудандық бюджеттен 6 көшеге орта жөндеу, 3 көпірге ағымдағы жөндеу және 4 ауылдың ішкі көшелеріне тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 4 аудандық маңызы бар автомобиль жолдары орташа жөндеуден өткізілуде. Сондай-ақ, азаматтарды тұрғын үймен қамту мақсатында өткен жылы 136 пәтер берілген. Биыл Темірлан елді мекенінде 2 қабатты 14 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін барлық құрылыс нысандары аяқталады деп күтілуде. Нәтижесінде кезекте тұрған 216 отбасының баспана мәселесі шешілетін болады.
Comments