ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев пен Мұрат Қадырбек Сарыағаш ауданына арнайы іссапармен келді. Сапар барысында халық қалаулылары аудан әкімі Арман Абдуллаевпен бірге бірқатар шаруа қожалықтарды аралап, жұмыс барысымен танысты.
Алдымен ауданға қарасты Жібек жолы ауылдық округінде орналасқан «Бес қара» мал сою бекетіне барып, қожалық иесі Мұрат Әбдібаевпен тілдесті. Мал сою бекеті өз жұмысын биыл бастап, 128 ірі қара және 600 ұсақ малдан етті өнімдер дайындап шығаруда. Аталған жобаның құны — 1,2 млрд теңге. Өндіріс орынында жергілікті 40 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.
Келесі кезекте сенаторлар Сарыағаш қаласындағы «Береке» жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. Жылыжай иесі Дүйсенбек Жүсіп 2015 жылдан бастап егіншілікпен айналысады. Бүгінде 1,4 гектар аумаққа заманауи технологиямен көкөніс егіп, 200 тоннаға жуық өнім алуда. Сапар барысында Сенат депутаттары жергілікті кәсіпкерлермен және шаруалармен кездесіп, кәсіп жүргізу кезінде туындайтын өзекті мәселелерді талқылады. Депутаттар кәсіпкерлікті дамытуда мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жөнінде ақпарат беріп, заңнамалық тұрғыда қолдау көрсетуге дайын екендерін білдірді.
Comments