Түркістан облысында және облыс орталығындағы жаңа нысандар өңір сәулетіне сай бой көтереді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен штаб отырысында бірқатар жоба қаралып, ғимараттардың сәулеттік үлгілері ұсынылды.
Әрбір жобаны жіті қарап, ұсыныстарды тыңдаған Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға жобаны жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді. Нысандардың сәулеттік жобалары талапқа сай болуы тиіс екенін ескертіп, құрылыста сапалы материалдырды қолдануды талап етті.
Жиында сәулетшілер, инвесторлар мен құрылыс мамандары облыс аумағында жүзеге асырылатын жобаларды таныстырды. Атап айтқанда, Түлкібас ауданындағы Иірсу каньонында бақылау алаңын салу, Кентау қаласында демалыс аймағын салу, облыс аумағындағы теміржол вокзалдарын жаңғырту жобаларының эскиздері ұсынылды.
Сонымен қатар Түркістан қаласындағы «Отырар» шағынауданында орналасатын 5 қабатты тұрғын үй, теміржол вокзал аумағын абаттандыру, «Яссы» және «Бекзат» шағынаудандарын ретке келтіру бойынша ұсыныстар айтылып, аудан, қалаларды және туримзді дамытудың концептуалды жобалары қаралды.
Аймақта құрылысы жүргізіліп жатқан әрбір нысанның сәулеті мен құрылыс сапасы бақылауда болады.
Comments