Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылық өнімдерін жинау науқаны қарқынды жүргізілуде. Аудан әкімі Арман Абдуллаев Жарты төбе ауылдық округіне жұмыс сапары барысында жинау барысымен танысып, дихандармен кездесті. Өнім көлемі, жинау жұмыстары мен туындаған мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Сапар аясында аудан басшысы Жарты төбе ауылдық округіне қарасты Достық ауылындағы бірнеше шаруа қожалықтарына барып, егіс алқаптарын аралады. Арман Абдуллаев ауыл шаруашылығы саласы – аудан экономикасының негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтіп, аграрлық секторды қолдау мен дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.Сала басшыларына жинау жұмыстарын ауа райының ерекшеліктерін ескере отырып тиімді жоспарлауды және ұйымдастыруды тапсырды.
Жарты төбе ауылдық округіне қарасты Достық ауылында орналасқан «Ермек» шаруа қожалығында 1 гектар аумаққа егілген қырыққабаттың өнімі жиналуда. Бүгінгі таңда 80 тоннадан астам өнім алынып, жүк көліктеріне тиеліп, еліміздің әр өңіріне жөнелтілуде.
Сондай-ақ, «Закиржан» шаруа қожалығы 0,40 гектар жылыжайда қызанақ өсіріп, дайын өнімдерін Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана, Алматы қалаларына экспорттауда.
Comments