Жалпы бүгінгі таңда Түлкібас ауданында жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрайды. Ағымдағы жылы аталған жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру мақсатында, 6506 адамды жұмыспен қамту межесі белгіленген. Бүгінгі таңда жылдық жоспардың 2280(адам) орындалып отыр. Оның ішінде 1193 азамат тұрақты жұмысқа қабылданған.
Бұл туралы аудан әкімі Аскар Естібаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында аудандық Мансап орталығының директоры Ерсұлтан Байбатчаев мәлімдеді.
Сонымен қатар, жауапты мекеме басшысы аудан аумағында жаңадан ашылатын жұмыс орындарына тұрғындарды жұмысқа орналастыру, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын баяндап, саладағы өзекті мәселелерді қамтып өтті.
Аудан басшысы салаға қатысты әр межеге жеке-жеке тоқталып, бекіттілген жоспарды мерзімінде, артығымен орындауды тапсырды.
Бұдан бөлек, лездемелік жиында «Ұлттық ауылшаруашылығы санағына» дайындық барысы, индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы, әскерге шақыру жұмыстарының барысы және елді мекендердің санитарлық тазалығы қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жауапты баяндамашылардан соң дәстүрлі жиынды түйіндеген Асқар Сұлтанұлы, биыл еліміз бойынша өтетін ұлттық ауыл шаруашылығы санағына тыңғылықты дайын болу мақсатында барлық ауыл әкімдері мен жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Ауданымызға қарасты 82 индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысына кеңінен тоқталып, бекітілген межені мерзімінде орындамағандарды сынға алып, жұмысты жандандыруды тапсырды. Тапсырманы сапалы әрі уақытылы орындамаған басшылардың жауапкершілігі қаралатындығын ескертті.
Сондай-ақ, аппарат инспекторларының елді мекендерді аралауындағы анықталған кемшіліктерді басқосуда егжей-тегжейлі саралаған Асқар Сұлтанұлы, ауыл әкімдеріне өздеріне бекітілген аймақтардағы ретсіз шашылған күл-қоқыс пен басқада заттарды бекітілген мерзімде реттеуді тапсырды.
Comments