Елімізде жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Түркістан облысы бойынша Малшылар күні кәсіби мерекесі кең көлемде аталып өтуде. Осы атаулы күнге арналған негізгі салтанатты жиынСайрам ауданында ұйымдастырылып, өңірдің әр түкпірінен жиналған еңбек озаттары, сала ардагерлері мен жас мамандар бас қосты.
Мал шаруашылығы – облыс экономикасының басты тіректерінің бірі. Бұл мерекелік басқосу – төрт түлік малды өсіріп, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген еңбек адамдарына деген зор құрметтің белгісі.
Малшылардың қажырлы еңбегі мен маңдай тері арқылы ауыл өмірі жанданып, береке-бірлік артып келеді.
Салтанатты жиынды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жолдасбеков Жорабек ашып, жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Ол төрт түлікті түлетіп отырған ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз тірлігі мен табанды еңбегі ел дамуына қосылып жатқан зор үлес екенін атап өтіп, өңірдегі мал шаруашылығы саласының жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ еңбек адамдарын жаңа белестерге ұмтылуға үндеді.
Мерекелік жиында аудан әкімінің орынбасары Убайдуллаев Шухратулла:
«Құрметті мал шаруашылығы саласының еңбеккерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Малшылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында ауыл шаруашылығы өркендеп, халықтың ырысы артып отыр. Баршаңызға денсаулық пен бақ-береке, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін. Қораларыңыз малға, көңілдеріңіз шаттыққа толсын!» – деп өз лебізін білдірді.
Мәдени бағдарлама аясында ауыл өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, күмбірлеген күй мен ұлттық билер арқылы көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл маңызды басқосу – еңбек адамдарына көрсетілген шынайы құрмет пен ел ішіндегі ынтымақ пен татулықтың жарқын көрінісіне айналды.
Comments