Экологиялық мәдениетті дамыту және қоршаған ортаға ұқыпты қарау қағидаттарын нығайту мақсатында 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын бекіту аясында Түркістан қаласында облыстық семинар ұйымдастырылды.
Іс-шара Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша «Жалын» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті. Семинар Түркістан қаласындағы «Достық үйі» кешенінде өткізілді.
Семинардың басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жастардың экологиялық санасын арттыру, сондай-ақ өңірдегі азаматтық қоғам институттарының осы бағыттағы әлеуетін нығайту болып табылады.
Іс-шараға Түркістан облысының белсенді жастары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың мамандары, білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен экология саласындағы сарапшылар қатысты.
Семинар барысында қатысушыларға «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының негізгі бағыттары таныстырылып, оны өңірде тиімді іске асыру жолдары талқыланды. Қалдықтарды басқару, су ресурстарын сақтау, көгалдандыру, экологиялық білім беру және қоғамдық бақылау тетіктерін жетілдіру мәселелері көтерілді.
Сонымен қатар қатысушылар тарапынан өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған нақты ұсыныстар мен бастамалар ортаға салынды. Жастардың қатысуымен жүргізілетін экоакциялар мен волонтерлік қозғалыстарды дамыту жайы да кеңінен сөз болды.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар бірлескен жұмыс жүргізуге дайын екендіктерін білдіріп, экологиялық мәдениетті дамытуда азаматтық сектордың белсенді рөлін атап өтті.
Comments