Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ ГАЗБЕН, АУЫЗ СУМЕН ЖӘНЕ ЭЛЕКТРМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында халықтың өмір сапасын арттыру бағытында инфрақұрылымдық мәселелерге ерекше көңіл бөліп келеді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы 2023 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылдың соңына дейін еліміздегі барлық елді мекендерді 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуді міндеттеген болатын. Осыған орай, еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде Түркістан облысында да инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынуда.

2025 жылға дейінгі осы мақсатқа жету үшін Түркістан облысы әкімдігі жан-жақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, кезең-кезеңімен іске асыруда. Биылғы жылы облыс аумағында жалпы саны 63 ауыз су нысанының құрылысына бюджеттен қажетті қаржы бөлініп отыр. Бұл нысандардың құрылысы — облыстағы ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадамдардың бірі.

Осы 63 нысанның ішінен бірінші кезекте 30 елді мекендегі құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланған. Бұл елді мекендердің қатарында Келес ауданында – 13, Сарыағашта – 9, Ордабасыда – 3, Отырар және Бәйдібек аудандарында – 2, ал Қазығұрт ауданында 1 елді мекен бар. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асып, тұрғындар тарапынан оң бағасын табуда.

Аталған жұмыстардың орындалуын бақылау мақсатында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен арнайы штаб отырысы өтті. Жиын барысында өңірдегі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып жатқан мердігер компаниялардың жұмыс сапасы мен мерзімі қатаң бақылауға алынды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, «сақалды құрылысқа» жол бермеу қажеттігін қадап айтты.

Егер жұмысты сапалы әрі уақытында орындай алмасаңыздар, ашық айтыңыздар. Ондай жағдайда мердігер мекемені ауыстырамыз. Бізге нәтижелі жұмыс пен халықтың игілігі үшін атқарылған іс керек. Қаржы бөлінуде, әкімдік тарапынан қолдау көрсетілуде. Енді жұмыс қарқынын күшейтіп, сапаға ерекше мән беріңіздер. Техникалық қадағалаушылар да құрылыс басында тұрақты болсын. Егер материалдар стандартқа сай болмаса немесе жұмыс талапқа сәйкес келмесе, дереу шара қолданыңыздар, – деді Зұлпыхар Жолдасов.

Жиын барысында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев те баяндама жасап, өңірдегі елді мекендерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндады. Сонымен қатар, ол жұмыс барысында жіберілген кемшіліктерге жол берген мердігерлер мен жауапты тұлғаларды атап өтіп, оларға қатаң ескерту жасады.

Биыл облыс бойынша елді мекендерді табиғи газбен қамту мақсатында 64 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар аясында жыл соңына дейін 34 елді мекенді қамтитын 38 жобаның құрылысын аяқтау көзделуде. Қалған 16 елді мекен бойынша 26 жоба келесі жылға өтпелі болып табылады. Егер қажетті қаржы толық бөлінсе, жыл соңына дейін 45 елді мекендегі шамамен 84 мыңға жуық тұрғын «көгілдір отынға» қол жеткізеді деп күтілуде.

Бүгінгі таңда Түркістан облысында жалпы 608 елді мекен табиғи газбен қамтылған, бұл өңірдегі жалпы елді мекендердің 75,3 пайызын құрайды. Нәтижесінде, облыс тұрғындарының 89,4 пайызы табиғи газ тұтыну мүмкіндігіне ие болып отыр. 2027 жылға дейін облыстағы газдандырылған елді мекендер санын 765-ке жеткізу жоспарлануда. Бұл үшін арнайы іс-шара жоспары жасалып, кезең-кезеңімен орындалуда. Егер тиісті қаражат бөлінсе, аталған жоспар толық көлемде іске аспақ.

Электр энергиясымен қамтамасыз ету саласы бойынша да биылғы жылы айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Нақты айтқанда, облыс аумағында 45 инфрақұрылымдық нысанның құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін солардың 23-ін пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде 19 елді мекендегі 28 200-ден астам тұрғынды сапалы электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 18 нысанның құрылысы 90 пайызға аяқталған.

Сонымен қатар, электр энергиясын тарататын маңызды нысандар — Төлеби ауданындағы 110 кВ «Алатау» қосалқы станциясы және Жетісай ауданындағы 110 кВ «Жетісай» қосалқы станциясы — биыл аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл нысандар өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, тұрақты әрі үздіксіз электрмен жабдықтауға негіз болмақ.

Түркістан облысында инфрақұрылым нысандарының сапасы мен құрылыс барысы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан тұрақты бақылауда. Басқарма қызметкерлері әр нысанның құрылыс барысын жеке-жеке зерделеп, техникалық талаптардың сақталуын қадағалап келеді. Бұл — халықтың тұрмыс сапасын арттыру мен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды басымдықтардың бірі.

Қорыта айтқанда, Түркістан облысында елді мекендерді инфрақұрылыммен — ауыз су, табиғи газ және электр энергиясымен — қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар халықтың әл-ауқатын жақсартуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге үлкен септігін тигізбек. Үкімет тарапынан бөлінген қаржы, әкімдік тарапынан көрсетіліп отырған қолдау, және жауапты мердігер мекемелердің жүйелі жұмысы нәтижесінде алдағы уақытта облыс тұрғындары заманауи өмір сүру жағдайларымен толықтай қамтылуы тиіс.

БІЛІКТІ ҰСТАЗ

Алдыңғы

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *