Кентау қаласында 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, 6-16 жас аралығындағы балалар арасында ерекше маңызға ие «Балалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» атты қалалық сурет байқауы ұйымдастырылды. Бұл шара балалардың санасына адалдық пен әділдік сияқты құндылықтарды сіңіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында өткізіліп отыр.
Байқауға қаланың әр түкпірінен 33 жас өнерпаз қатысты. Қатысушылар өз туындыларында сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін зияны туралы ойларын сурет жүзінде бейнеледі. Әрбір бала өзінің шығармашылығында адалдық пен әділдік, тазалық пен шындықтың маңыздылығын ашық әрі түсінікті етіп жеткізуге тырысты. Олардың туындылары көрермендер мен қазылар алқасының ерекше назарын аударды.
Байқау нәтижесінде бірінші орынға лайық деп танылған қатысушы дипломмен қатар теледидармен марапатталды. Екінші орын екі қатысушы арасында бөлініп, оларға диплом мен планшет табысталды. Үшінші орын иегеріне диплом және ұялы телефон берілді. Сонымен қатар, байқауға қатысқан барлық балалар Алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтарымен марапатталып, олардың талпынысы мен шығармашылығы ерекше бағаланды.
Жүлделерді табыстау рәсімінде Кентау қаласының әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова сөз алып, қатысушыларға шығармашылық табыс тілеп, олардың еңбегін жоғары бағалады. Ол балалардың өнерге деген қызығушылығын дамыту — қоғам үшін маңызды мәселе екенін атап өтті. Сондай-ақ, мұндай байқаулар балалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға және құқықтық сауаттылығын арттыруға зор үлес қосатынын жеткізді.
Бұл іс-шара Кентау қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен және «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар жастар арасында адалдық пен әділдік қағидаларын насихаттауда маңызды рөл атқарады. Сонымен бірге, балалар мен жасөспірімдерге қоғамдағы жағымсыз құбылыстардың алдын алу жөнінде ерте кезеңнен хабардар болуға мүмкіндік береді.
Шараның мақсаты — балалар мен жастарға сыбайлас жемқорлықтың қауіптілігі мен зияны туралы түсінік беру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және адалдыққа тәрбиелеу. Қатысушылар өз суреттерінде сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін кері әсерін, оның әділеттілік пен теңдікке нұқсан келтіретінін ашып көрсетті. Осындай шығармашылық іс-шаралар балаларға тек өнерге деген ынтасын арттырып қана қоймай, сонымен қатар оларды дұрыс өмірлік құндылықтарды қабылдауға тәрбиелейді.
Кентау қаласындағы бұл байқау балаларды қоғамдағы маңызды мәселелерге деген қызығушылықтарын арттыруға және белсенді азамат ретінде қалыптасуына ықпал етті. Сонымен бірге, шара барысында балалардың шығармашылық идеялары мен бастамалары кеңінен дәріптеліп, олардың пікірлері қоғамдық ортада жоғары бағаланды.
Болашақта мұндай жобаларды жүйелі түрде өткізу арқылы балалар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, патриоттық сезім мен жауапкершілікті арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табатынына сенім мол. Бұл шаралар жас ұрпақтың жан-жақты дамуына, оларды адал еңбек пен әділеттілікке тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДА БАЛАЛАР АРАСЫНДА СУРЕТ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Comments