Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: «ТҰРАН СУ» МЕКЕМЕСІНІҢ ӨНДІРІСТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ БАЗАСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жұмыс сапары аясында «Тұран су» мекемесінің өндірістік-техникалық базасына арнайы барып, ондағы жұмыс барысымен және жаңа жобалармен танысты. Сапар барысында ол мекеменің инфрақұрылымын, техникалық жабдықталуын, сондай-ақ су шаруашылығы саласына енгізіліп жатқан жаңашыл бастамаларды бақылап шықты.
«Тұран су» мекемесінің өндірістік базасы 2 гектар аумақта орналасқан. Мұнда мекеменің балансына тиесілі арнайы техникаларға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде мекеме теңгерімінде 81 бірлік арнайы техника бар. Бұл техникалар облыс көлеміндегі су арналары мен ирригациялық жүйелерді тазалау, қалпына келтіру және күтім жасау жұмыстарына тартылуда.
Нұрбол Тұрашбеков сапар аясында жаңадан салынып жатқан параболалық лоток өндіретін өндіріс орнын да аралады. Аталған нысан су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады. Қазіргі уақытта кәсіпорында қажетті құрылғылар мен техникалар орнатылып, іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс аяқталуға таяу қалды.
Жоба толық қуатына шыққанда өндіріс орны тәулігіне 30 дана параболалық лоток шығара алады. Бұл өнім – ағын суды шаруаларға ысырапсыз және тиімді жеткізуге мүмкіндік беретін заманауи шешім. Параболалық лотоктар ауыл шаруашылығы мақсатындағы арық-атыздарға орнатылады. Олар судың ағысын реттеп, жердің эрозиясын азайтып, су шығынын едәуір төмендетуге сеп болады. Бұл өз кезегінде су тапшылығы мәселесін оңтайлы шешуге ықпал етпек.
Облыс әкімінің орынбасары өндіріс орнын табиғи газбен қамту және өндірістік процеске қажетті шикізат көздерін тұрақты қамтамасыз ету бойынша тиісті тапсырмалар берді. Сондай-ақ өндірістің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмыс сапасын арттыру және кадрлық әлеуетті нығайту мәселелері де назардан тыс қалмады.
«Тұран су» мекемесі облыстағы су шаруашылығы саласының негізгі операторларының бірі саналады. Мекеме су арналары мен каналдарды күтіп ұстау, техникалық қызмет көрсету, механикалық тазалау, қалпына келтіру және су жүйелерін цифрландыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарып келеді.
Атап айтқанда, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында мекеме жалпы ұзындығы 236,7 шақырымды құрайтын каналдарды механикалық тазалаудан өткізді. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда едәуір жоғары – 2023 жылы бұл көрсеткіш 122,9 шақырым болған. Бұл – су жүйелерін жақсарту арқылы ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға бағытталған маңызды жетістік.
Су арналарының уақтылы тазалануы мен жөндеуден өткізілуі – егіс алқаптарын сумен қамту сапасына тікелей әсер ететіні белгілі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың арқасында облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі артып келеді. Сонымен қатар, судың ысырапсыз әрі тиімді пайдаланылуы экологиялық тепе-теңдікті сақтауға да өз септігін тигізеді.
Нұрбол Тұрашбеков сапар соңында мекеме басшылығына су инфрақұрылымын одан әрі дамыту, инновациялық технологияларды енгізу және өндірістік әлеуетті арттыру бойынша бірқатар тапсырма жүктеді. Сонымен бірге өңірдегі суармалы жерлердің көлемін ұлғайту және су ресурстарын тиімді басқару – облыс әкімдігінің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 4 АЙДА 12 МЫҢНАН АСА ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛДЫ

Алдыңғы

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ШЕТЕЛ ИНВЕСТОРЛАРЫМЕН ЛОГИСТИКАЛЫҚ САЛАНЫ ЖАНДАНДЫРУ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗДІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *