Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ермек Маржықпаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдің индустриялық-инвестициялық әлеуетімен танысты. Іссапар барысында кеңесші Сауран ауданында орналасқан, стратегиялық маңызы бар «SPK TURKISTAN» өндірістік паркін аралады. Бұл өндірістік аймақ – өңірдің экономикалық өсімін қамтамасыз ететін маңызды нысандардың бірі.
Сапарға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен «СПК «Түркістан» АҚ басқарма төрағасы Данияр Бектұрғанов та қатысты. Олар Ермек Маржықпаевқа өндірістік парк аумағында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндап, кәсіпорындардың даму қарқыны мен алдағы жоспарлар жөнінде мәлімет берді.
Аталған өндірістік парк бүгінде түрлі бағыттағы кәсіпорындарды шоғырландыру арқылы өңірлік индустрияны әртараптандыруда. Онда инфрақұрылымы дамыған алаңдар, дайын инженерлік желілер мен логистикалық қолдау мүмкіндіктері бар.
Сапар барысында Ермек Маржықпаев көкөніс сақтау қоймасының жұмысымен де танысты. Бұл заманауи қойма 3,5 мың тонна көкөніс пен 500 тонна бакалея өнімдерін сақтау мүмкіндігіне ие. Нысан Түркістан, Кентау және Арыс қалаларының тұрғындарын маусымаралық кезеңде отандық азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған. Мұндай қоймалар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және баға тұрақтылығын сақтауда маңызды рөл атқарады.
Кеңесші сондай-ақ жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» ЖШС-нің өндірістік алаңында болды. Кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен әріптестік орнатып, «BNK IRRIGATION» брендімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналар шығаруда. Бұл – агроөнеркәсіп кешенін технологиялық жаңғыртудың нақты мысалы. Мұндай жабдықтар су ресурстарын үнемді пайдалануға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Өндірістік парк аумағында білім беру мекемелеріне арналған жиһаз шығаратын «Aqniet Holding» кәсіпорны да жұмыс істеуде. Ермек Маржықпаев бұл кәсіпорынның өнімдерімен де танысты. Соңғы үш жыл ішінде компания 50-ге жуық мектепті қажетті жиһазбен қамтамасыз еткен. Кәсіпорын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында оқушылардың оқуына қолайлы, эргономикалық жиһаздар әзірлеуде. Сонымен бірге, бұл компания «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесіп, медицина мекемелеріне арналған жиһаздар мен жабдықтарды да шығарады. Бұл – білім және денсаулық сақтау салаларын қолдауға бағытталған маңызды өндірістік бастамалардың бірі.
Сапар соңында Ермек Маржықпаев «Jasyl Suyq Qazaqstan» компаниясының өндірістік алаңында болды. Бұл кәсіпорын тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтарын өндірумен айналысады. Заманауи технологиямен жабдықталған өндіріс отандық нарықты сапалы және қолжетімді тұрмыстық техникамен қамтамасыз етуде. Кәсіпорынның қуаттылығы жыл сайын мыңдаған бірлік өнім шығаруға мүмкіндік береді және болашақта экспортқа да жұмыс істеу жоспары бар.
Жұмыс сапары қорытындысында Ермек Маржықпаев Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан индустриялық жобалар мен өндірістік қуаттарды жоғары бағалап, бұл бастамалар елдің экономикалық тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Кеңесші мемлекет тарапынан инвестициялық жобаларға көрсетіліп жатқан қолдаудың нақты нәтижелері бар екенін айтып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасаудың жалғасатынын жеткізді.
ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ КЕҢЕСШІСІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӨҢІРЛІК ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ

Comments