Жастар саясатыҚоғамМәдениетТарих

ҚАЛАЙ ОЙЛАЙСЫЗ, БҰЛ МӘН БЕРМЕЙТІН МӘСЕЛЕ МЕ? 

Кеше ғана Ұлы Жеңістің 80 жылдығын елмен бірге біздің Шымкент қаласының тұрғындары да атап өтті. Ол Абай саябағында орналасқан Даңқ мемориалында ұйымдастырылды. Сөз жоқ, бәрі де көп көңілінен шықты. Бірақ…

Осы саябақ 2010 жылы жеңістің 65 жылдығы құрметіне ашылып, 200 метрге созылған қара мәрмәр тақтаға Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан қан майданға аттанған 140 мыңға жуық майдангердің аттары қашалып жазылған. Онда менің әкем Қалбыров Ақынның да аты-жөні бар. Шыны керек, осы жазуды көрген сайын қатты толқимын. Бұл әншейін тасқа қашап жазылған жазу емес, ондағы әр есім сол бір тағдыры талайлы адамдардың тағдыры жазулы тұрғандай әсер етеді. Әкемнің он сегізге толысымен 1943-жылы соғысқа аттанғанын, артиллерия бөлімшесі құрамында Қырым, Севастополь, Керчь қалаларын азат етуге қатысқанын, 1944-жылғы 5-ақпанда, қақаған қыста жарақаттанып, онан емделіп, майданға қайта оралған соң, әуе десанты болғанын, онда небір қиындықтарды бастан кешкенін естіп өстім. Соғыстағы ерліктері үшін  КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944- жылғы тамыздағы шешімімен  ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталып, Кеңес Одағының маршалы, Бас Қолбасшы И.В.Сталиннің екі мәрте Алғыс хатын алған. Елге келген соң да шаруашылықта ұзақ жылдар бойы сушы болып еңбек ете жүріп, адал қызметінің арқасында 1978-жылғы 30 наурызда ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, 1985 -жылғы 11 наурызда ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, бірнеше рет мерекелік медальдермен марапатталып, кеудесіне тақты. Ордабасы ауданының Құрметті азаматы атанды. Міне, осының бәрі мен үшін мақтаныш. Отанына, еліне адал қызмет еткен, қарапайым, елін сүйген азаматтың қызы екенімді кеуде кере мақтан тұтамын.

Шынын айтқанда, осындай «Даңқ» мемориалы тек біздің Шымкент қаласында ғана бар. Оны Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тұрғанда елге белгілі азамат Асқар Мырзахметов ұйымдастырған еді. Он бес жылдан бері бұл ескерткіш сол бір сұрапыл соғыс жауынгерлерінің ерлігіне тағзым ету нысанына айналды.

Хош, сонымен мен де ағылған көпшілікпен бірге майдангерлердің аты-жөні жазылған жерге келдім. Кейбірінің тұсында гүлдер жатыр. Әрине, бұл ұрпағының әкесіне немесе атасына көрсеткен ізеті. Бірақ, ең өкініштісі, олар мәрмәр тақтаның үстімен аяқпен басып, гүлдерді қоюда. Жауынгердің есімін аяқпен таптап өтуді мәдениеттің қай түріне,  сатысына жатқызарымды білмедім. Шыны керек, көргендерімнің әрқайсысына мұның дұрыс емес екенін айтам деп, ілезде біразына жексұрын болдым. Баласының қолына бір гүл беріп, атасының аты тұсына қойғызған келіншек: «Жұмысыңыз болмасын, өзім білем не істеуді, сізден сұрамаймын» деді. Оның алдында ғана үлкен әйелге де сол оспадарлық ісінің дұрыс емесін  айтқан едім, ол да оны қоштай кетіп: «Бұл осы жердің шырақшысынан бетер болып тұр ғой,-» деп кекетті…

Қалай ойлайсыздар, бұл мән бермейтін мәселе ме? Бұл әрбіріміз үшін құр тас емес. Ол жерде майдан даласынан қайтпай қалған тарихы талайлы ерлердің де, артында ұрпағы қалмаған боздақтардың да есімі жазулы. Сол марқұмдардың есімін қалай аяғыңмен басасың?

Сол жердегі үлкенінің де, кішісінің де осындай ісіне кім кінәлі? Кім жауапты? Не істеу керек?

Бұл жерде, меніңше, оларда білім мен сана жетіспейді. Сол жазуда, сол еесімде сол азамаьтың қаны мен тағдыры жатқанын түсінбейді. Ересектің өзінің үлгі көрсете алмай отырғаны бұл бұрыннан отбасылық деңгейдегі тәрбиенің кемшін екенін білдіреді.

Қалалық ішкі саясат басқармасы — қоғамдық сананы дұрыс қалыптастырып, жастарға патриоттық тәрбие беруге тікелей жауапты орган. Кез келген құрметсіздіктің алдын алу олардың идеологиялық жұмыс жоспарына енуі тиіс. Ал мемориалдық кешендерге күтім жасап, оларды қорғау, маңызын насихаттау қалалық мәдениет басқармасының құзырына кіреді. Бұл жауапты істен білім мекемелері де тыс қалмауы керек. Мектептер мен колледждерде патриоттық тәрбие беруге баса назар аударуы тиіс.

Тағы не істеу керек?

Кіре беріске көрнекі түрде «Мәрмәр тақтада Ұлы Отан соғысына қатысқан ерлердің есімі жазылған. Оны аяқпен басуға тиым салынады» деген тектес мәтінде ескерту белгілерін ілу керек. Мұндай ескерту әлде жазулы тұр ма, бірақ мен байқамадым.

Мемориал маңында іс-шара басталмас бұрын автоматты түрде құрметке шақыратын, оны аяқпен басуға болмайтынын айтып тұратын аудиоүн қосу да ескертудің бір түрі. Тіпті 7 -9 мамыр аралығында оқушылар мен жастар арасынан арнайы волонтерлер қоюға да болады.

БАҚ өкілдері арқылы да әрбір ескерткіштің маңызы зор екенін түсіндіретін мақалалар, шағын деректі фильмдер түсіруге тиісті орындар мұрындық болса,  кәнеки!

Тағзымға барар жолда тәрбие тапшы болмаса екен…

Базаркүл ҚАЛБЫР,

журналист

ҚАНҒА ТАРАП… 

Алдыңғы

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *