Кеше Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы әмбебап кітапханасында Аманат партиясының ұйымдастыруымен тамаша бір әдеби кеш өтті. Тамаша деп отырғаным, мұнда «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы, шежіреші Момбек Әбдіәкімұлының шығармашылығына арналған бұл жиында жастар үлгі алатындай мәселелер кеңінен айтылды. Кешті белгілі жазушы Заһардин Қыстаубаев аға жүргізіп отырды. Риза болғаным, сөйлегендердің бәрі де жазушы шығармашылығымен жақсы таныс екенін көрсетті. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев өзі оқыған шығармаларының мән-мазмұнына тоқталды. Ал заңгер, меценат Бекет Тұрғараев Төле бидің ұрпағы Қожамжар бидің Ташкентті 25 жыл басқарғанын, бірақ түрлі себептермен онан қуылып, Бостандық, Шыршық өңіріне ауысқанын оны жазушы М.Әбдіәкімұлының шығармасынан оқып-білгенін әңгімелей келе бұл күнде Төлеби ауданында Қожамжар би атында мешіт барын тілге тиек етті. «Осы кітапты оқу барысында деректі шығарманы жазудың қиын екеніне көз жеткіздім. Өйткені, шындықты дөп басып, дау туғызбайтындай етіп жазуы тиіс. Бұлай жазу оңай емес. «Етектен тартып ел болмас» деген сөз бар. Осында айтылғандай, кейде жазушылар туралы түрлі қияс сөздер айтылып жатады. Бірақ, елдің елдігін де асыратын, танымын да арттыратын осы шығармашылық иелері. Момбек өзінің ұстанымы нық, ұйымдастырушылық қабілеті мол, достыққа адал, кісілігіне кір келтірмеген, сыйластыққа сызат түсірмеген әділ азамат. Осы қасиеттерін ерекше бағалаймын,»-деді. Мұнан соң ақын Бөрібай Оразымбетов жазушы шығармашылығымен қатар қазіргі атқарып жүрген игілікті істеріне де тоқталды. «Ол қазір тек Қазақстан Жазушылар одағының мүшелерін ғана емес, бір топ қаламгерлерді топтастырып, олардың әдеби кештерінің, кітаптарының тұсаулары кесілуінің басы-қасында бас-көз болып жүр,»- деді.
Шымкент қалалық кәсіподақ комитетінің төрағасы Бақытжан Алтаев, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің ұстазы, ғалым, тарихшы Гүлжан Жанысбаева, жас ақын Эльмира Сәрсенбайқызы жазушы шығармаларының қыр-сырына тоқталды.
Иә, айтсын-айтпасын, Момбек Әбдіәкім өте еңбекқор жазушы. 6 роман, 22 шежіре, 200-ден аса ғылыми еңбек жазған қаламгер. «Зобалаңды» миллионнан аса оқырман оқыған. Ал «Сүлеймен қарақшы» шығармасына қай бір жылы кино түсірілмек болған екен. Тіпті жоспарға да енгізілген. Бірақ қаржының жетіспеуіне байланысты сол күйінде түсірілмей қалған. Бір қызығы, әзірбайжан кинематографистері «Мұны бізге сатыңыз, кино түсіреміз. Бірақ кейіпкер қазақ емес, әзірбайжан болады» деген екен. Әрине, бұған жазушы келіспеген.
Кеште небір мәселелер туралы әңгімелер айтылды. Ең бастысы, жазушының еңбекқорлығы мен ізденгіштігін жастар үлгі етсе, бұл кештің өз діттегеніне жеткені. Өйткені, студент жастар мол болды.
Базаркүл ҚАЛБЫР
Comments