Қаратал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстарда Аманат партиясының атқарып жатқан рөлі ерекше. Осы ретте, Аманат партиясының Жетісу облысы, Қаратал ауданы филиалының төрағасы Тасыбаев Руслан Шоғалұлымен сұхбат жүргіздік. Сұхбат барысында партияның аудан көлемінде атқарған жұмыстарын, жүзеге асырылып жатқан жобаларды және алдағы жоспарларды талқыладық.
Сұрақ:
— Руслан Шоғалұлы, ең алдымен, сізге партияның Қаратал ауданындағы филиалының жұмыстары жайлы айтып берсеңіз. Аудан тұрғындары үшін қандай нақты нәтижелер бар?
Тасыбаев Руслан Шоғалұлы: -Аманат партиясы өз жұмысын халықтың мүддесіне, қажеттіліктеріне сәйкес бағыттайды. Қаратал ауданы бойынша атқарылған жұмыстардың негізгі мақсаты — халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік мәселелерді шешу, жастарды қолдау және ауданның инфрақұрылымын дамыту болып табылады. Аудан тұрғындарының сұраныстары мен өтініштеріне жауап беріп, олардың проблемаларын шешу үшін бірқатар жобалар мен шаралар жүзеге асырылды. Мысалы, ауылдық жерлерде жол инфрақұрылымын жақсарту, елді мекендерді табиғи газбен қамтыу, су жүйелерін жаңарту және мектептер мен медициналық мекемелерді жаңарту жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті ауыл шаруашылығы мен өндірісті қолдау мәселелері де назардан тыс қалмайды.
Сұрақ:
-Партия аудан көлемінде халықтың әлеуметтік мәселелеріне қалай көмектесуде?
Тасыбаев Руслан Шоғалұлы: -Партияның басты мақсаттарының бірі — халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту. Осы тұрғыда, Қаратал ауданында жергілікті билікпен тығыз жұмыс жүргізіп, әлеуметтік көмек көрсетудің түрлі жолдарын қарастырудамыз. Тұрғындарға көмек көрсету үшін арнайы қоғамдық қабылдау күндері халықтың мұң-мұқтаждары тыңдалады.
Бұдан бөлек ауданымызда «Таза Қазақстан, Таза Бейсенбі, Ардагерлерді ардақтайық, Кедергісіз келешек» қатарлы республикалық және партиялық жобалар сәтті іске асырылуда. Партия мүшелері азаматтардың мәселелерін шешуге белсенді араласып, тиісті органдарға ұсыныстар жолдайды.
Сұрақ:
-Ауданның экономикалық дамуына қалай үлес қосып жатырсыздар? Осы тұрғыда қандай жобалар қолға алынған?
Тасыбаев Руслан Шоғалұлы: -Ауданның экономикалық дамуы — партия жұмысының маңызды бағыты. Біз ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес салаларында бірқатар жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді, өйткені Қаратал ауданының экономикасы негізінен осы салаға тәуелді. Бұл салада суармалы жерлерді жаңарту, заманауи техникаларды пайдалану арқылы өнімділікті арттыруға бағытталған бағдарламалар іске асырылуда.
Кәсіпкерлікке қатысты да маңызды жұмыстар қолға алынды. Әсіресе гранттар мен несиелердің берілуі, сондай-ақ шағын бизнес жобаларын дамыту бағытында » Ауыл Аманаты арқылы ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Кәсіпкерлікті қолдаудың маңызы зор, жеңілдетілген несие алып, әр адам өзінің сүйікті ісімен айналысуына барлық мүмкіндіктер ұсыну басты мақсат.
Сұрақ:
-Алдағы уақытта қандай жоспарлар мен бастамалар жүзеге асырылмақ?
Тасыбаев Руслан Шоғалұлы: Алдағы уақытта да біздің жұмысымыз халықтың игілігіне бағытталады. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2 қыркүйекте жолдаған жолдауында 2025 жылды » Жұмысшы мамандықтар жылы’ деп жариялағанын баршамыз білеміз. Ел президентінің жолдауын орындау мақсатында қалада, ауылда жаңа жұмыс орындарын ашу, мектептер мен мәдениет үйлерін заманауи талаптарға сай жабдықтау, сондай-ақ әлеуметтік қызмет көрсетуді жақсарту мәселелері бойынша жоспарларымыз бар. Сонымен қатар, экологиялық жобаларды дамытуға да ерекше назар аударылатын болады.
Жалпы, біздің басты мақсатымыз — ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуын қамтамасыз ету, халықтың өмір сапасын арттыру, ұлттық бірлікті нығайту. Әрине, бұл жолда жергілікті тұрғындардың пікірін ескере отырып, әрбір қадамымызды жасаймыз.
Сұрақ:
-Қаратал ауданының тұрғындарына қандай тілектеріңіз бар?
Тасыбаев Руслан Шоғалұлы: -Әрбір қадамымыздың мақсаты — өз туған жерімізді дамыту, оны көркейту, халықтың әл-ауқатын арттыру. Мен барша қараталдықтарға денсаулық, отбасыларына амандық тілеймін. Бірлігіміз жарасқан, тұтастығымыз мықты болсын! Біз бірлесіп атқаратын барлық жұмысымыздың нәтижесі ауданымыздың дамуына, тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына септігін тигізетініне сенемін.
Қорытынды: Аманат партиясының Қаратал ауданында атқарған жұмыстары мен жоспарлары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосатыны сөзсіз. Руслан Шоғалұлының айтуынша, партия жұмысы тұрғындар үшін нақты нәтижелерге жетелеп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Алдағы уақытта да партия халықтың мұқтаждықтарына сәйкес жұмыстар атқарып, еліміздің дамуына өз үлесін қоса береді деген сенімдеміз.
Қобланды АБЕНОВ
Comments