Жоңғар Алатауының шығыс беткейі, Қора шатқалында орналасқан қараса көз тоймайтын сұлулық, таза ауа, тәтті су, суретшінің картинасындай ғажайып жайлау, Орта — Азиядағы ең биік және ең ірі сарқырама бұл — Бұрқан-Бұлақ. Сарқыраманың сұлулығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қиядан құлаған су құз тастарына күркіреп соғылып, жан-жаққа сыңғырлап шашырайды.
Ұзындығы 50 км, су жиналатын алқабы 255 шаршы шақырым.
Сарқыраманың биіктігі — 168 метр, ал көз жететін төменгі үш қиясының биіктігінің өзі — 114 метр. Бұрқан — бұлақ теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте орналасқан.
Судың құлап түсіп жатқан жеріндегі тереңдік 1-2 метрге дейін барады.
Су астындағы түрлі түсті тастар анық көрінеді. Шашыраған су жаңбыр тәріздес, ыстық ауа мен судың шашырап қосылған тұсы ерекше сезім сыйлайды
Арнасы тау арасынан басталып, жағасы тік жар болып келеді. Жартастың табанына түскеннен кейін су ағысы Қора өзеніне қосылып кетеді. Қора шатқалында жартас бойлап өскен қарағайлар мен жеміс-жидектіктің түр-түрі өседі.
Тіпті, қазақтың ұлы ғалымы, шығыстанушы, тарихшы-этнограф Шоқан Уәлихановтың өзі зерттеген қызыл қасқырды да осы жерден кезіктіруге болады.
Сарқыраманың өзіндік шығу тарихы да бар…
Ертеде Бұрқан атты жігіт өмір сүрсе керек. Кедей отбасынан шыққан оның жағдайы жұпыны. Ержете келе байдың Қора атты қызына ғашық болып, көңіл жарастырады. Екі жастың қосылуына қыздың әке-шешесі үзілді-кесілді қарсы болып, екеуін алшақтатудың небір айласын ойлап табады. Алайда, ешбір кедергі нәтижесін бермейді. Ақыр-соңында жартас басына қамал салып, Бұрқанды сонда қамайды. Қызбен жігіттің қайталанбас ғашықтық сезімінің салдарынан болар, сол қамалдың орнынан бұлақ ағып, алып сарқырамаға айналады. Ал су мен шатқалдың атауы Қора аталып, халық арасына тарап кетеді.
Бұрқан — бұлақтың шығу тарихына байланысты тағы бір аңызда:
Ертеде Бұрқанбұлақ сарқырамасының жанынан өтіп бара жатқан Қобыланды батыр жол үстінде қазан қайнатып жүрген екі сұлу қызды көреді. Жас батыр Қобыланды қыздарға өзі атып алған құстарды ұсынады. Қыздар батырды асқа шақырады. Асты аузына апарар алдында батыр әдеттегідей дұға жасайды. Сол уақытта алдындағы ас малдың тезегіне айналып кетеді. Бұған ашуланған қыздар әп-сәтте жезтырнаққа айналып, жігітке тарпа бас салады. Бұлар қазақ аңыз ертегілеріндегі күлдіргіштер болатын, олар құрбандықтарын қытықтау арқылы өлімге дейін жеткізіп, кейін жеп қояды екен. Қобыланды батыр шоқпарын алып, әлгілерді өлтіреді. Одан кейін олардың мекені болған орманды түгелдей өртейді. Бұрқанбұлақтың құпиялылығын аңыз-ертегіге құмар халық осылай түсіндіреді. Сол уақытта жалмауыздардың жемтігі болған адамдардың рухтары әлі де осы аймақты кезіп жүргеніне сенеді-мыс.
Бүгінде Бұрқан — бұлақ әлем назарын аударған, жалғыз жер жанаты Жетісудың ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышына айналған ерекше мекен.
Саяхатшыларға сарқырамаға жазда баруға кеңес береді. Маусым-шілде айларында тау басындағы мұздар еріп, тау сулары Бұрқанбұлақ көлінің аңғарын толтыра бастайды. Бұл өз кезегінде сарқыраманың ағынын арттыратыны анық. Әрине, бұл жерге күзде де, қыста да келуге болады, сарқырама жылдың қай мезгілінде болмасын, кереметін жоғалта қоймайды. Сарқыраманы тамашалаушылар үшін оның төңірегінде арнайы шағын демалыс орындары да ұйымдастырылған.
Мұнда қонақ болып келсеңіз, алдыңыздан қасиетті бұлаққа апарар екі жол шығады.
Бірінші – Текелі қаласы арқылы өтетін жол.
Екінші бағыт – Қапал айналып, Қызылжар асуы арқылы баратын жол.
Тек жол талғамайтын көлік болғаны дұрыс..
Тағы бір мәлімет, Бұрқанбұлақ сарқырамасы әлемдегі аты әйгілі Ниагара сарқырамасынан да биік деседі…
Қобланды АБЕНОВ
Comments