Қазір елімізде АЭС салу мәселесі төңірегінде қызу талқылау жүруде. Білікті энергетика саласының жетекші мамандарының, сарапшылардың пікірінше атом энергиясы Қазақстанның тұрақты дамуына септігін тигізеді дегенге тоқталып отыр.
Жалпы, АЭС салу мәселесі жақын күндері айтылған жоқ. Бұл жоба өткен ғасырдан бері айтылып келеді. Осы уақыт аралығында оның маңыздылығы мен артықшылықтары, экономикаға тигізер оң әсері мен экологиясына тигізетін ықпалы талқыланып, халыққа ақпарат таратылуда. Сондай-ақ, АЭС құрылысының өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға және экологиялық таза энергиямен қамтамасыз етуге қалай әсер ететіні кеңінен түсіндіріліп келеді.
Сондықтан, мемлекет басшысының күні кешегі Жолдауында бұл мәселенің толық шешілуіне ықпал ететін жалпыұлттық референдум өткізілетіндігі және уақыты да нақты белгіленді.
Дегенмен, ақпараттандыра беру артық етпейді. Осыған орай қазір еліміздің түпкір-түпкірінде АЭС салу мәселесі туралы толық, шынайы ақпараттандыру үшін республикалық Халықтық штаб құрылып, оның мүшелері еліміздің энергетикалық болашағы туралы, АЭС салудың тиімділігін, егер бұл шешім қолдау тапқан жағдайда алдағы уақытта туатын мүмкіндіктер туралы кеңінен түсіндіру жұмыстарын бастап кетті.
Олар атом энергетикасын пайдаланудың тиімділігін, бұл – ең алдымен, қауіпсіз, сенімді, болашақта энергия тапшылығын болдырмайтын маңызды жоба екенін түсіндіруде.
Сарапшылардың болжауынша, елімізде электр энергиясына сұраныс күннен-күнге артып келеді. Тіпті, олар Қазақстанға бір ғана АЭС аздық етуі мүмкін деген пікірде. Дегенмен, халықтың арасында үміттен көрі, үрей бары шындық. Себебі, атом энергетикасы – бұл қазіргі жаңа заманда өмір сүріп жатсақ та бәрібір ескі түсініктің елесінен шыға алмай, әрдайым талас тудыруға себепші бола беретін тақырыптың бірі. Әсіресе, посткеңестік шеңберден шыққан жүйеде тіпті өзекті. Мұнда енді АЭС қатысты қоғам санасының түбіне дейін әбден сіңіп қалған сан түрлі миф пен жалған деректер жетіп артылады.
АЭС салу- болашақтың қамы десек, оны бүгіннен ойламасақ, ертең кеш боладҚазір энергияға үлкен қажеттілік бар. Ал атом электр станциялары жаңа қуат көзі екені анық. Еліміз уранға да бай мемлекет, сондықтан біз өз елімізде атом электр станциясын салуға мүмкіндігіміз мол.
Бұл жерде ҚР Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова «Бүкіл әлем атом энергетикасын дамытуға ұмтылуда. Бейбіт атомның көмір жағатын станциялардан артықшылығы көп. Атом генерациясын дамыту қажеттілігі жыл санап артып келеді. Бүгінде көмір жағатын станциялардың тозуы 70 пайызға жуықтады. Ал электр энергиясын тұтыну жыл сайын 3 пайызға өсіп келеді,»-деген пікірін құптарлық.
Еліміз уран қоры бойынша әлемде бірінші орында, өндіру бойынша екінші орында тұрғанын білеміз. Бірақ, көбі уранды қару жасауға ғана пайдаланады деп ойлайды. Алайда уранды бейбіт жағдайда да пайдалануға да болады. Сондықтан атом мен ураннан қорықпау керек. Ерте ме, кеш пе, бізде газ қымбаттайды. Газдың, мұнайдың қоры азаяды. Олар азайса, электр энергиясы қымбаттайды.
Жалпы, АЭС жобасына келгенде, кез келген мемлекет жеке-дара шешім қабылдай алмайды. Оған қойылатын халықаралық стандарттар мен өзіндік талаптар бар. Оның барлығы сақталмайынша, еш мемлекет АЭС құрылысына өздігінен кірісуге қақы жоқ. Мұндай стандарт пен талаптарды бүгіндері Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА немесе МАГАТЭ) алға тартады.
Жалпы, ядролық сынақ полигонын жабу, жоғары байытылған уран өндірісін жою, осылайша ядролық қарусыз ел ретінде өзін танытқан Қазақстанның осы атқарған жұмыстарының барлығы аталған агенттік тарапынан жоғары қолдауға ие. Ал Қазақстан бүгіндері аталған агенттікпен байланыс орнатып қана қоймай, ықтымақтаса жұмыс істейді.
Түптеп келгенде АЭС құрылысы – заман талабы. Біз одан айналып өте алмаймыз. Мұны тіпті мәжбүрлі таңдау десек те болады.
Ал АЭС құрылысы – экономика сарапшылары үшін көптеп ашылатын жұмыс орны, салынатын жолдар, көпірлер, түрлі нысандар. Елге технологияның келуі, шетелдік компаниялардың жобалары.
Ең ақыры, ол энергобаланстың қауіпсіздігіне алып келеді. Ол дегеніміз қарапайым тілмен айтатын болсақ, өндіріс пен халықтың қажеттілігін өтеу үшін жетерлік деңгейдегі электр энергиясы өз қолымызда болады деген сөз.
Ардагер журналист Ә. Рахманұлы
Comments