Түркістанда жаңа оқу жылына 29 мамандық бойынша жалпы 189 орын мемлекеттік білім беру тапсырысы бекітілген болатын. Бүгін жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2024-2025 оқу жылына жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі комиссия отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев және комиссия мүшелері қатысты. Мемлекеттік білім беру тапсырысын оқу орындарына орналастыру жайын саралады.
– Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау сапасын көтеру, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, жұмыс берушілердің талабына жауап бере алатын, заманауи құрал-жабдықтарды меңгерген мамандар даярлау – қазіргі өзекті мәселелердің бірі екен өздеріңізге белгілі. Өңірімізде медицина мамандарына 250-ге жуық кадр тапшылығы бар. Мамандардың жетіспеушілігін шешу мақсатында облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен биыл алдағы оқу жылында бірінші рет қаражат бөліп отырмыз. Біз мемлекеттік білім беру тапсырысты еліміздегі 6 үздік жоғарғы оқу орындарына орналастыру үшін жиналып отырмыз. Білікті мамандар даярлау бағытында жүйелі жұмыс жалғасуы керек, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Алдағы оқу жылында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары ұсынған құжаттарын қарады.
Аталған кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу жөніндегі комиссия отырысының хаттамалық шешімімен бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша бакалавриатта даярлауға – 50 орын белгіленіп отыр. Оның 15-і «Денсаулық сақтау» мамандығы болса, 35-і «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» мамандығы бойынша. Ал «Денсаулық сақтау» мамандығында резидентурада даярлауға 139 орын бөлініп отыр. Білім беру ұйымдарының тізбесін анықтау үшін облыс әкімдігінің өкімімен жергілікті бюджет есебінен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі комиссияның құрамы бекітілді. Бұдан бөлек конкурсқа құжаттар қабылдау жөнінде хабарлама облыстық білім басқармасының сайтында 31 мамырда жарияланып, 5 жұмыс күні ішінде аталған ұйымдардың құжаттары қабылданды.
Мамандар Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Қазақстандық медицина университеті, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институты, академик Н.Ж.Батпенов атындағы ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы, Қазақстан-Ресей медициналық университетінде даярланбақ. Мәселен облыс орталығындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алатын білімгерлер өз білімін шыңдау және тәжірибе арттыру мақсатында Түркия Республикасының алдыңғы қатарлы 100-ден астам университеттерде кемі 1 немесе 2 семестр акамдемиялық ұтқырлы бағдарламасы бойынша білім ала алады. Қазіргі таңда аталған оқу орны түрік еліндегі серіктес университетпен байланыс орнатып жатыр. Екі жақты келісім нәтижесінде мамандықтар ретіне қарай жазғы практика да жоспарлануда. Сонымен қатар қос дипломды білім беру бағдарламасы арқылы студенттердің білім алуына мүмкіндіктер қарастырылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Comments