Елімізде шомылу маусымы басталғалы бері Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындарын қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырып келеді. Дегенмен, өңірде биыл жыл басынан бері 17 адамның суға кету дерегі тіркелген. Тілсіз жаудың құрбаны болғандардың 13-і ата-аналарының қарауынсыз қалған балалар. Бұл жайында Түркістан облысының ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Оразгелді Дүйсен брифингте мәлімдеді.
«Жыл басынан бері жергілікті әкімдіктер, полиция, көлік инспекциясымен және балық шаруашылығы инспекцияларымен бірлесіп 1 154 рейдтік шаралар жүргізілді. Сонымен қатар, ауыл-қала тұрғындарымен 800-ге жуық кездесулер өтті. «Судағы қауіпсіз демалыс» акциясы ұйымдастырылды. Биыл үгіт-насихат жұмыстарына 580 ерікті тартылды»- деді спикер.
Түркістан облысы әкiмдiгiнiң қаулысына сәйкес, өңірдегі су айдындарында шомылуға арналған 27 орын қарастырылған. Онда коммуналдық жағажайлар ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, балалардың абайсызда каналдарға құлап кетуінің алдын алу мақсатында елдімекендер ішінен өтетін каналдарға қоршаулар орнату жұмыстары жалғасын табуда. Су айдындары жоқ елді-мекендерде тегін және қауіпсіз шомылуға мүмкіндіктер жасау мақсатында биыл 26 каркасты бассейн сатып алынды. Барлығы облыста 97 каркасты бассейн бар. Сонымен қатар, жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардың балаларын тегін шомылдыру мақсатында демалыс орындарымен 51 меморандум түзілген. Былтыр 5000-ға жуық бала бассейндерде тегін шомылуға мүмкіндік алған.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Comments