Бүгін 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні аясында Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының ұйымдастыруымен және Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Отбасылық құндылықтар, этносаралық татулық және отансүйгіштік» тақырыбында жастар форумы өтті.
Бірлік пен отансүйгіштікке үндеген форумға Түркістан облысымен қатар Шымкент қаласынан, сондай-ақ Қызылорда, Жамбыл өңірлерінен жалпы 1500-ге жуық оқушы, белсенді жас қатысты. Шара шеңберінде форумға қатысушылар Түркістан қаласының көрікті орындарымен танысты.
Салтанатты шарада сөз алған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуде және егемен елдің тұтастығын сақтауға жауапкершілікпен қарауға баулуда аталған форумның берері мол екенін жеткізді.
Сондай-ақ Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов форумның маңыздылығына тоқталып, ел болашағы отаншыл жастардың қолында екенін атап өтті.
– Бүгінгі бала – ертеңгі елдің болашағы, үкілі үміті. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесуінде жас әрі терең білімді азаматтар – еліміздің басты капиталы және қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күші екенін баса айтты. Президентіміз: «Бүгінгі жас ұрпақ жаңғыру үдерістеріне атсалысып, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың игілігін толық сезінуі қажет. Дарынды, талапты және еңбекқор жастар, оның ішінде ғалымдар – заманауи Қазақстанның жарқын келбеті», — деді. «Білімдінің күні жарық» дегендей, бүгінгі таңда жастар ізденсе олардың алмайтын асуы жоқ. Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Ортақ шаңырағымызда білімді жастар көп болсын! Зерделі де зерек жастары бар елдің қашанда еңсесі биік, ертеңі нұрлы болмақ, — деді И.Хашимжанов.
Сонымен қатар, форумда ҚХА жанындағы Кәсіпкерлер қауымдастығы төрағасының орынбасары Абдулла Исматуллаев, Парламент Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Медиация кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатов сынды азаматтар отаншылдық рухты нығайту бағытында өздерінің еңбек жолдарын баяндай отырып, тәжірибелерімен бөлісті.
Форум барысында әлеуметтік желі арқылы танылған белгілі имам Нұрлан Байжігітұлы жастармен түрлі тақырыпта сұқбат құрып, оларға бағыт-бағдар берді.
Жастар бірлігін нығайтуға бағытталған форум аясында түркістандықтарға қырғыз режиссері Руслан Акуповтың «Пейіш» фильмі көрсетіліп, фильмнің режиссеріне береке мен бірліктің символы Тайқазан кәдесыйы тарту етілді.
Comments