Кеңес Одағының Батыры, тұңғыш «Халық қаһарманы» және тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың 100-жылдық мерейтойына орай Шымкенттің екі жүзге жуық жоғары сынып оқушылары педагогтардың сүйемелдеуімен әскери ұшқыштардың немен ұшатынын көруге келді.
Экскурсия бөлімнің аумағында өзін қалай ұстау керектігі туралы нұсқаулықтан басталды, содан кейін оқушылар Әуе қорғаныс күштерінде қызмет өткеру ерекшеліктері туралы ақпарат алып, әуе базасының әскери қызметшілерінің күнделікті өмірімен танысты және авиациялық техниканың үлгілерін көрді.
Бөліммен жалпы танысқаннан кейін қонақтарға СУ-25 шабуыл авиациясы ұшағының, Ми-35М соққы тікұшағының, сондай-ақ Ми-171Ш жүк-көлік тікұшағының кабиналарында отырып, өздерін нағыз ұшқыш ретінде сезінуге мүмкіндік берді. Ал борт техник капитан Анвар Ысқақов, экскурсанттарға әуе кемелері кабинасының ішкі құрылымын, олардың техникалық және басқа да сипаттамаларын егжей-тегжейлі түсіндірді. Ол сондай-ақ қонақтарға авиациялық техникаға қызмет көрсету бойынша регламенттік жұмыстардың қалай жүргізілетінін айтып берді.
Сонымен қатар, эскадрилья командирінің тәрбие және идеологиялық жұмысы жөніндегі орынбасары майор Асан Иманбеков оқушыларды армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың өмірбаянымен, оның Ұлы Отан соғысындағы ерлігімен, тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерін құрудағы және қалыптастырудағы рөлімен, сондай-ақ авиациялық базаның тарихымен таныстырды.
Әрине, мұндай экскурсия қатысушылардың біреуінің тағдырында шешуші рөл ойнайтыны анық. Мысалы, Шымкент республикалық «Жас Ұлан» мектебінің оқушысы, кіші сержант Иманғали Құрбанов Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бегелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері Әскери институтына түсіп, өз өмірін аспанмен байланыстырғысы келеді екен. Әрине, Иманғали институтқа іріктеу өте маңызды екенін және одан физика мен математика саласында жақсы білім ғана емес, сонымен қатар керемет денсаулық қажет екенін жақсы түсінетінін айтты.
— Ұшқыштар кабинасы бәрінен бұрын ұнады — әр түйменің нені білдіретіні және олар не үшін арналғаны бұрыннан қызықтырды. Майор Асан Иманбеков бәрін жан-жақты және түсінікті түсіндіріп, көрсетті. Бірнеше жылдан кейін мен де осындай ұшақтармен ұшамын деп үміттенемін, — деп бөлісті Иманғали Құрбанов.
Кездесу соңында алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушылары Қарулы күштер қатарында қызмет етуге балалардың қызығушылығын тудырған пайдалы және қызықты экскурсия үшін бөлім басшылығына алғыстарын жеткізді.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі
Comments