Қиын-қыстау заманда бір-бірін қолдап, сөзбен де, іспен де мерейлерін асыратын қазақтың қай өңірі болмасын су басқан аумақтарға қолдан келгенше көмек көрсетуде. Оны әлеужеліде оқып, байқап, назарға алып отырмыз. Осындай шарапатты істен Түлкібастықтар да табыла білді. Аудандық «AMANAT» және «Ауыл» партиясының қолдауымен орталық «Береке» және «Оспан» базарларындағы кәсіпкерлер қауымы «Күшіміз бірлікте» деген ұранмен Батыстық ағайындарға гуманитарлық көмек жолдады. Қайырымды шараның басы-қасында ұйытқы болып жүрген Оспан Көлбаев пен Рамжан Қарақұлов сынды ел ағаларына кәсіпкер азаматтар қолдау білдіріп, қолындағы барымен бөлісті. Азық-түлік, жеміс-жидек, көкөніс, киім-кешек, гигиеналық тауарлармен толыққан жүк көлігі Батысқа қарай бүгін жолға шығатын болады. Көлікті бастап, қаншама азаматтың аманатын тиісті орынға жеткізуге аудандық мәслихаттың депутаты Игенбаев Мұхамеджан еріп баратын болады. Аталмыш игі шараға аудандық «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жүнісов Ержан Әліұлы арнайы келіп, ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
-Біз қазақ бәріне төзген, шыдаған, қиындыққа дес бермейтін қайсар елміз. Кез-келген дүние бір Алланың қалауымен болады. Айтып келмейтін апаттан сақтасын деген осы шығар. Қазіргі таңда барлық аймақ, аудан осындай бір игі шарада бас көрсетіп жүр. «Тамшыдан көл құралады» деген бар. Бастысы мына көрсетіп отырған көмектеріңіз, ниеттеріңіз қабыл болсын. Жақсылық бір Алладан. Оспан мен Рамжан, Сабыр, Нуркен, Абзал бауырларымызға шынайы алғысымды білдіремін. Азаматтарды жинап, бірлікке шақыру да оңай дүние емес. Бастысы күшіміз бірлікте. Батыстағы бауырларымызға сабыр тілеймін,- деді Ержан Әліұлы.
«AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалы
Comments