Үлкенге құрмет көрсету – қазақ қоғамында ежелден бар дәстүр. Мамыр айындағы ең қастерлі мерекелердің бірі – Жеңіс күні мерекесі қарсаңында ардагер аға буынға қадір-құрметімізді көрсетіп, Отан үшін от кешкендердің ерлігі мен қаһармандығы алдында басымызды иіп, тағзым етеміз. Жасы үлкендер мен жасы кішілер арасындағы өзара ізет пен сыйластықты арттыратын дәстүрді «AMANAT» партиясы «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасымен табысты іске асырып келеді.
Халқымыздың ықылым заманнан келе жатқан тәрбие тағылымын берік ұстанған партиямыздың Түркістан облыстық филиалы мереке қарсаңындағы құттықтаулар легін жалғастыруда. Партияластарымыз жасы үлкенді сыйлаған ұрпақтың мұрагері ретінде ардагер аға буынды мереке сайын қуанышқа бөлеуді перзенттік парызымыз деп біледі. Игілікті істің ізімен партияның өңірлік филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев Ордабасы ауданына арнайы барып, І дәрежелі «Отан соғысы» орденінің кавалері, «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалінің иегері Мұратов Қалмен атамызды Жеңістің 79-шы жылдығымен құттықтады. Жеңіс жауынгерінің шаңырағына арнайы барған меймандардың қатарында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, партиялық фракция мүшесі Ғани Райымбеков пен партияның Ордабасы аудандық филиалының төрағасы Әлиасқар Бердімұратов болды.
Қалмен ақсақал 1942 жылдан бастап Мәскеу түбіндегі Калинин облысын, Беларусь жеріндегі Витебск өңірін жаудан қорғау шайқастарына қатысып, ерліктің озық үлгісін көрсетті. Соғыс майданында ауыр жарақат алса да, Отан алдындағы жауынгерлік борышын өтеуден тайсалмады…
Comments