Алатаулықтардың аманатын айтуға келген ақсақалдарды 90 жастағы қария бастап келді.
Бүгін «AMANAT» партиясынан сайланған Түркістан облыстық мәслихатының депутаты ретінде Төле би ауданы Алатау ауылдық округі Қайнар елді мекенінің Мәдениет үйінде көшпелі қоғамдық қабылдауымды өткіздім. Жиынға келген ауыл тұрғындары бірқатар мәселе бойынша өтініштерін жеткізді.
Осы төңіректегі Алатау, Нысанбек, Диханкөл, Жаңа Тұрмыс, Қайнар ауылдарында бүгінгі таңда 9 мыңға жуық адам тұрады. Айта кетерлігі, олардың қатарында оқушылар мол, сонымен бірге еш жерде оқымайтын және жұмыс істемейтін жастардың үлесі де жетерлік. Міне, сол жастардың бос уақытын тиімді өткізуге бұл өңірде дұрыстап жағдай жасалмаған. Мемлекет басшысының саясаты, облыс басшылары, «AMANAT» партиясы ауыл спортын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Нағыз таланттар ауылдан шығатынын ескерсек, шалғайдағы елді мекендердегі жастарға қолдау көрсету үшін халық игілігіне спорт кешенін пайдалануға берудің маңызы зор.
Елге ауадай керек сол спорт кешенін Алатау ауылдық округі аумағынан кезінде облыс орталығындағы арнайы мамандандырылған спорт мектебін біліктілікпен басқарған іскер азамат, даңқты бапкер болған, бүгінде жеке кәсіпкер Балғабай Елшиев өз есебінен соғып, заманауи үлгідегі барлық құрал-жабдықтарымен сақадай сай дайындап қойғанына біраз болды. Ауылдан дүбірлі додаларға барғандар арасында аудандық, облыстық, республикалық деңгейде қанжығасы майланып топ жарып қайтқандар аз емес. Аталған спорт кешенінде ауылдағылардың спортпен шұғылдануына жан-жақты мүмкіндіктің бәрі қарастырылған. Ендігі көкейтесті мәселе сол спорт кешенін ашып ел игілігін көру үшін облыстық бюджеттен Мемлекеттік- жекеменшік серіктестік аясында қаржы бөлінуі қолдау табуы тиіс…
Comments