Еңбек — бұл біздің өміріміздің ажырамас бөлігі және әрқайсымыз оның лайықты түрде төленіп қана қоймай, мүмкіндігінше қауіпсіз болғанын қалаймыз. Бүгінде жыл сайын Халықаралық еңбек ұйымының бастамасымен дүние жүзі бойынша жұмыс орындарында жазатайым жағдайлар мен кәсіби аурулардың алдын алу, сондай-ақ еңбекті қорғау мәдениетін қалыптастыру және насихаттау мақсатында 28 сәуір күні Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аталып өтеді. Бүгінгі таңда Кәсіподақтар федерациясының қызметінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселесі басым бағыттардың бірі болып табылады. Сол себепті әр кәсіпорында бекітілген еңбек, ұжымдық шарттарда әр жұмысшының денсаулығы мен жұмысқа қабілеттілігін сақтау басым орында болуы тиіс.
Осы ретте бүгін «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев еңбекті қорғау саласындағы мәселелер мен еңбек қызметіне байланысты жарақаттардың, аурулар мен жазатайым жағдайлардың алдын алу мен ақпараттық-түсіндіру жүргізу мақсатында Түркістан облысы, Сайрам ауданында орналасқан «Акбарович» ЖК ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесуде Айдар Бахтыбаев қазіргі таңда Кәсіподақтар федерациясының қызметінде еңбек қатынастарын реттеу, өндірістік жарақаттың алдын алу, еңбек заңнамасының орындалуын қадағалау екенін атап өтіп, еңбеккерлермен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау тақырыбы аясында сөз қозғап, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында техникалық инспекторларының құқықтары мен өкілеттіктері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, кәсіподақ қозғалысын дамыту және кәсіподақ мүшелерінің санын арттыру мақсатында, қатысушыларға кәсіподақ мүшелігіне өтуге шақырды.
Кездесу соңында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, пікір алмасып, қойылған сұрақтарына жауаптарын алды.
Comments