Биылғы жылға мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 11,3 млрд. теңге қаралған. Бірінші сәуірдегі ахуал бойынша ерекше қажеттілігі бар азаматтарға 21906 техникалық оңалту құралдары мен қызметтер ұсынылған. Мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді орта құру міндеттемесі бойынша облыс көлемінде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылымы болуы тиіс 667 нысанның тізімі бекітілген. Оның ішінде білім және денсаулық сақтау салалары бойынша 235 нысанның тізбесі айқындалған. Қолжетімді орта құру міндеттерінің орындалуын аудан, қала әкімдіктері жанынан құрылған жүмысшы топтар бақылауға алған.
Осы мәселенің денсаулық сақтау жүйесі бойынша іске асырылуын Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев баяндады. Басқарма басшысы облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарында ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін кезектен тыс дәрігердің қабылдауы және дәрігерден дәрігерге медициналық көмек көрсетуге арнайы мамандар бекітілгенін айтты. Қиын өмірлік жағдайда жүрген мүмкіндігі шектеулі 218 адам медициналық сүйемелдеу көмегіне мұқтаж екені анықталып, осы санаттағы азаматтарға медицина саласы бойынша 177 арнайы әлеуметтік қызметкер бекітілгенін мәлімдеді.
Медицина саласы бойынша әлеуметтік қызметкер әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-құқықтық және әлеуметтік-тұрмыстық көмектер бағытында қызмет атқаратыны айтылып, мұқтаж азаматтардың медициналық құжаттарын әзірлеуге көмек беретінін жария етті.
Кеңес мүшелері қаралған мәселелер бойынша қоғамда денсаулық жағдайы бойынша шынайы мұқтаж азаматтарды анықтау бойынша пәрменді жұмыстар атқарылу керектігіне тоқталып, медициналық-әлеуметтік сараптама қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу қажет екеніне назар аударды…
Comments