Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау алаңында Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Орынбекұлы Мұздыбеков тұрғындардың өтініш-тілегін тыңдады.
Басқарма басшысына базынасын айта келгендердің бірі — түркістандық Жұмақыз Дүйсенова. Нұр Отау көшесінің тұрғыны осыдан 3 жыл бұрын үйіне табиғи газ кіргізген. Алайда 2 ай бойы газ мамандары хабар алмаған соң мекемеге өзі барып, төлемақысын сұрайды. Ондағылар 12 мың текшеге көтеріліп кеткенін, құны 390 мың теңге болғанын айтады. Газ мамандары есептеуіш құралдан ақау болуы мүмкін деген соң есептегіш құралды алып тастайды. Кейінірек 3 айдан соң жаңа есептегіш құралын орнатқан. Дегенмен, әлгі 12 мың текше қайтадан шығады. Содан бері 2 жыл өтсе де осынау белгісіз қарыз қыр соңынан қалар емес. Тіпті ай сайын өсімақы да қосылып кетіпті. Осынау шым-шытырық оқиғаға кезіккен ана жуырда сотқа жүгінген. Партия алаңына өтіп жатқан қоғамдық қабылдаудан да үміт арта келіпті. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев бұл мәселе сотқа жүгіну арқылы ғана шешімін табатынын, «Құқықтық көмек» көрсету үшін қоғамдық қабылдау бөлмесі арқылы адвокаттардың, заңгерлердің көмек көрсетуіне көмектесінін жеткізді. Ал, Руслан Орынбекұлы мәселені мұқият тыңдап, сотқа берілген арызды соңына дейін жеткізуді ұсынды, газ таратушы мекеме басшылығымен де сөйлесетінін жеткізді.
Басқарма басшысына онлайн арқылы сұрақ қойғандардың бірі — Төлеби ауданы, Бірінші Мамыр ауыл округының тұрғыны К. Мамедов Ынтымақ ауылының Самал, Мерей, және Жұлдыз көшелерінің электр бағаналары құлап ескіргенін айтып, аталған мәселе қашан шешілетінін сұрады. Руслан Орынбекұлы аталған көшелер бойынша аудан тарапынан жоба әзірленіп, облыстық басқармаға жолданғанын, бүгінде басқарма тарапынан қаржы бөлуге ұсыныс жіберілгенін атап өтті. Егер ұсыныс мақұлданса биыл шешімі табылуы мүмкін екені жөнінде жауап берілді.
Қабылдау кезінде азаматтардан салаға қатысты басқа да бірқатар сауалдар түсіп, басқарма басшысы қолданыстағы заңнама аясында әрқайсысына нақты жауап берді.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі
Comments