Жас жазушы Жәмиля Бахтиярқызымен осыдан екі жыл бұрын Шымкенттегі Абай атындағы орталық кітапханада «Бәйшешек. Күрес. Сенім. Жеңіс» атты алғашқы кітабының тұсаукесерінде кездестім. Жып-жылы әдемі кездесу өтті. Онда бір топ қаламгер аға-əпкелерімен бірге өзі құралпы жастар, студенттер отырды. Жас қаламгердің түрлі сұрақтарға байыппен салмақты жауап бергеніне риза болғанмын.
«Он алты жасымда талай бақытты сəттерді өткердім. Сол жылы біз еліміздің жанға жайлы қаласына -Талдықорғанға көшкен едік. Жетісу өңірі маған көп мүмкіндік сыйлады. Солардың бірі — бес жыл бойы қол жетпес арманымның шыңында тұрақтаған мектепке бару мүмкіндігі еді. Сол жылы араға бес жыл салып алғаш рет мектептің табалдырығын аттадым. Жаңа қала, жаңа мектеп, жаңа дос…»
Бұл Жəмиля Бахтиярқызының «Бəйшешек» кітабынан үзінді. Бұл кітапта автор жастайынан ауыр дертке шалдығып, өзінің сол аурумен қалай күрескенін, қиналған сəттерін, ішкі жан-дүниесінің арпалысын шебер суреттейді. Кітапты оқи отырып, балалықтың бал дəуренінде жүрген ақ бантикті сүйкімді он жасар қыздың аурухана төсегіне таңылып, небір ұзаққа созылған оталардан аман шығып, сырқатқа берілмегенін, қайта ата-анасы мен бауырларына «қорықпаңыздар, мен аман шығамын» деп үміт бере білгеніне риза боласың.
«Отадан кейін есімді бірнеше күннен кейін ғана жинадым. Үшінші күні дəрігерден «Маған ота жасалды ма?» деп сұраппын. Ол күлімсіреп «Иə» деді. Осы үш күннің ішінде айналамды, өмір мен тіршілікті жаңадан танығандай болдым. Сол күндердің бірінде Кореядан арнайы келіп, маған бес сағаттық ота жасаса да, адами қасиеттері мен қарапайымдылығын тəж еткен, ісіне адал дəрігерлер жансақтау бөліміне тағы бір мəрте кіріп, маған сыйлық сыйлады. Бөлмеге кіре сала бастарын мың рет изеп, күлімсіреп, жылы жүздерімен жүрегімді елжіретті. Олар тарту еткен кішкентай сөмкені əлі сақтап жүрмін. Сол бір сарғыш сөмкеге жүректерін салып бергендей болды. Кейде өмір сені осындай жандармен тоғыстырғанда өмірдің мəні сыйластық пен кір шалмаған пəк көңілде екенін түсінесің,-» дейді Жәмиля.
Бұл кітапта ата-ананың балаға, ата-əженің немереге деген, туыстардың бауырға деген мейірімі, махаббаты шынайы суреттелген. Әке-шешенің шығарда жаны басқа болып, «баламның аяғына кірген тікен менің маңдайыма қадалса» деген шын ақ тілегіне көз жеткізесің. Тезірек жазылса деген ішкі ойлары мен іс-қимылдарын оқи отырып, автормен бірге қиналасың, дәрінің ащы иісі жайлаған бөлмеде бірге жатқандай күй кешесің. Бұл автордың шынайы шеберлігі, өзіндік суреткерлігі.
Иə, өмірге шыр етіп келген соң, адам баласы үшін байлықтың ең үлкені — денсаулық. Онан артық еш нəрсе жоқ. Бірақ, ең өкініштісі, ауырмаған кезде оның қадірін түсінбейтініміз бар. Бұл кітап əрбір жанға: үлкенге де, кішіге де денсаулықты қадірлеуге, оны бағалауға үйретеді. Өмірге құштар болуға үндейді. Ауыра жүріп, сенімді серік ету, күресе жүріп, жеңіске жету, оны мотивациялық кітапқа айналдыру расында да екінің бірінің қолынан келмейді. Ол үшін бойда мына ғаламға деген құштарлық болу қажет. Қазір кей жастардың бойынан білімге деген ізденістің аздығы, артық кетсек кешірер, кейбірінің бойынан тоғышарлықтың, масылдықтың орын алып бара жатқаны жасырын емес. Ең қорқыныштысы да осы. Ал бұл кітап осылардың бəріне қарсы. Айналаны, өскен елді, туған жерді, ортаны, ата-ана мен бауырларды сүюге шақырады. Бұл кітапта ата-ананың балаға, ата-əженің немереге деген, туыстардың бауырға деген мейірімі, махаббаты шынайы көрсетілген.
Бір кездесуде заманымыздың классик жазушыларының бірі, сексеннен асқан Дулат Исабеков Жәмиляға «О, сенің кітабың 7 тілге аударылып, менен де асып кетіпсің ғой,» деп əзілдеген екен, лайым атасынан да асқан мықты қаламгер қатарынан көрінсін.
Иә, ол небір ұйқысыз күндер мен түндерді өткізсе де, үмітін үзбегеннің арқасында ғана ауыр дертті жеңді. Соның нəтижесі міне, кітап қалың оқырманына жол тартқан. Қазір бұл кітап жеті тілге аударылып, шетелде де жастардың қолынан түспейтін шығармаға айналып келеді. Бұл нағыз жастарға мотивация, өмірге құштарлықтың эталоны деуге болады. Неге дейсіз ғой? Өзі ауыра жүріп, қайтпас қайсарлықты, қиындықты жеңу жолын көрсеткен Жəмиляның бұл шығармасы қақаған қыста суықтан қорықпай, тасты жарып шығатын бəйшешекті елестетеді. Бұл атына заты сай шығарма.
«Бәйшешек» кітабы қолына тиген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алғашқы туындыңыздың жарыққа шығуымен құттықтаймын. «Бәйшешек» қалың оқырманның жүрегіне жетсін. Сізге шығармашылық табыс тілеймін» деп талантты қаламгерге қолдау білдіріпті. Біз де Жәмиляға қаламының мұқалмай, ел алғысына бөленер шығармалар ұсына беруіне тілек білдіреміз.
Қазір ауруды толық жеңген Жəмиля Бахтиярқызы жоғары оқу орнын бітіріп, журналист қызметін атқара жүріп, тағы бір кітапты оқырмандарына ұсынды. Ол «Қарлығаш. Махаббат ескерткіші»деп аталады. Бұл туралы келесі жолы сөз етпекпіз.
Базаркүл ҚАЛБЫР
Comments