ЖаңалықтарЖастар саясатыҚоғам

«АРАМЫЗ КҮННЕН-КҮНГЕ СИРЕП БАРАДЫ»

 

Біз ол кезде студент едік. «Ауған соғысына Қазақстан жастары да жіберіліп жатыр екен» деген сөздер естіліп жататын. ҚазГУ-ліктер арасынан да студенттер кетіп жатты. Солақай саясат салдарынан КСРО-дан 620 мың адам қатысып, 15 мыңға жуығының денесі ауған жерінде қалды. Қаншамасы із-түзсіз кеткен. Олардың ата-анасы мен бауырларының өмір бойы өлгеніне сенбей, «бір жерден тірі деген сөз шығып қалар ма екен» деп жүрегі ауыра  іздейтіні, сыздайтыны қандай өкінішті…
Бүгін КСРО әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толып отыр. Соның құрметіне кеше «Ауғанның асуында от кешкендер» тақырыбы бойынша Шымкент қаласындағы Абай атындағы орталық кітапхана мен №14 бөлімшенің ұйымдастыруымен «Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалының мәжіліс залында жастарды Отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында  ардагерлермен кездесу кеші өтті. Іс-шараны №14 кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі Апашева Рахия Әшімқызы жүргізді. «Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалы хатшысының міндетін атқарушы Тулегенов Бекайдар Мұсаұлы ардагерлерді атаулы датамен құттықтап, мықты денсаулық тіледі. Шымкент қалалық Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағының төрағасы Майханов Ғалымжан Тастанұлы сөз сөйлеп, соғыстың зардабын айта келе, «өкінішке қарай, қазір арамыз күн санап сиреп барады. Аптасына, ең ұзағанда айына қаруластарымыздың өмірден озғанын естиміз. Бірақ ештеңе істей алмаймыз. Еліміз мықты, өркендесін десеңдер, сендер білім алыңдар.
Жігіттер, айналайындар,  елді қорғайтын енді сендерсіңдер! Сондықтан жақсы оқып, қай салада болса да мықты маман атанып, елге адал қызмет етуге ұмтылыңдар», — деді. Ауған соғысының ардагері Мамытбеков Алмасбек Кеңесбекұлы Қазақстаннан Ауған соғысына 22000 адам қатысып, олардың 900-і қаза тапқанын, 22 жастың хабарсыз кеткені туралы әңгімелей келе, жастарды отансүюге шақырды.
Иә, бүгінде он жылға созылған сол  бір сұм соғыстың зардабын тартқан ардагерлердің ең кішісінің жасы 60-та, үлкенінің жасы 70-тен асқан. Мүгедектер қоғамының төрағасы Бақытжан Тәжімбетов қазір Шымкентте 28 мүгедек барын, осы жылдың өзінде 7 ауған соғысы ардагерінің өмірден өткенін өкіне жеткізді. Келгендер кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған «Ауғанның асуында от кешкендер» тақырыбындағы кітап көрмесін тамашалады. Ардагерлер «Ауғанстан жерінен кеңес әскерінің шығарылғанына 35 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Кітапхана оқырмандары, жоғары оқу орындарының студенттері патриоттық тақырыпта өлеңдер оқып, әндер айтты.
Иә, соғыс деген ешқашан болмасыншы. Оның зардабы сол атың өшкір соғысқа қатысқан жастар отбасынан әлі жазылған жоқ.

Базаркүл ҚАЛБЫР

Халық қалаулылары Түлкібас ауданының халқымен кездесті

Алдыңғы

АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АЯҚТАЛҒАНЫНА – 35 ЖЫЛ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *