Бүгін Түркістанда «Ясауи мұрасы» республикалық насихаттық іс-шарасы өтті. Іс-шара барысында Қожа Ахмет Ясауи мұрасын балаларға жеткізуге бағытталған «Бала Ахмет» атты анимациялық фильмі, «Ясауи ізімен» атты сюжетті-деректі фильмі, «Ясауи мұрасы» атты анимациялық роликтер топтамасы және танымдық кітап қалың жұртқа таныстырылды.
Таныстырылым кешіне Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық маслихат депутаты Қалыйма Жантөреева, Қазақстан аниматорлар Ассоциациясының өкілі Бақытжан Құлжабай және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
– Баршаңызды жаңа туындылардың таныстырылымында көргеніме қуаныштымын! Биыл Түркістан қаласында өткен Ұлттық Құрылтайдағы сөзінде Президентіміз Қ.Тоқаев Ахмет Ясауиге 930 жыл толуына орай, ғұламаның мұрасын жан-жақты насихаттау жөнінде атап айтқан болатын. Өйткені, Ясауи – Түркі әлемінің ортақ Ұстазы саналады. Демек біздер Ясауиден бастау алатын Қазақ жеріндегі рухани сабақтастықты барынша жалғастыруға міндеттіміз. Осы орайда Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Ясауи мұрасы» атты Республикалық насихаттық іс-шарасы ұйымдастырылып отыр. Биыл, сондай-ақ Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының бастамасымен өңір руханиятын өркендету бағытында бірнеше ауқымды шаралар жүзеге асты. Соның ішінде түрлі деңгейде іс-шаралар өткізіліп, мәдениет ұжымдары халықаралық додаларда топ жарып жатыр, – деген Әділ Нұржанұлы шығармашылық топқа алғысын білдірді.
Ал шығармашылық топ өз кезегінде аталған визуальді өнімдердің таныстырылымы Түркістан өңірінен өзге, Астана, Алматы, Атырау, Семей, Қызылорда т.б. қалаларда өтетіндігін және республикалық телеарналар мен әлеуметтік желі арқылы ашық көрсетілімге жіберілетінін жеткізді. Олардың айтуынша сол арқылы балаларымыздың бойына ұлттық руханиятымыз бен құндылықтарымызды сіңіруге қадам жасалады дейді. Сондай-ақ облыстық мәдениет және туризм басқармасына қарасты «Оңтүстікфильм» арқылы аудан, қалаларда және облыс орталығындағы білім ошақтарында кеңінен насихатталады.
Айта кетейік, жалпы жобаға Түркістан өңірінен бөлек Астана, Алматы қалаларының кино және анимация мамандары қатысты. Аталған фильмдерге Батырхан Дәуренбеков, Жәнібек Оразалы, Азамат Ерназаров сынды Қазақстанның белгілі режиссерлері тартылса, сценарий авторы ретінде жазушы-драматург Сая Қасымбек таңдалды. Сонымен қатар фильм барысында ясауитанушы-ғалым Досай Кенжетай кеңесшілік етті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Comments