ҚоғамРуханиятТарих

ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҰСТЫНЫ — ТӘУЕЛСІЗДІК

Дені сау, он екі мүшесі сау, мектеп пен жоғары оқу орнына барып оқып жүрген оқушы мен студент, күніне еңбек етіп, үйіне қайтатын әрбір азамат — бақытты. Өйткені, оның әлем таныған Тәуелсіз, әлемде территориясы жағынан тоғызыншы орын алып отырған Қазақстан Республикасы атты мемлекеті бар. Асты-үсті байлыққа толы жері, сол жерде өмір сүріп отырған 20 миллион халқы бар. Ең қуаныштысы, сол жиырма миллионның сіз — бірісіз. Аспаны ашық, елі тыныш, бейбітшілік орын алған алтынға бергісіз мекенде түрлі арманыңызбен, бауырларыңызбен, ата-анаңызбен, дос-жараныңызбен, құда-жекжатыңызбен бірге тұрып жатырсыз. Шын мәнінде сіз бен біз — бақыттымыз. Жан-жағыңызға қараңызшы, кей мемлекеттерде соғыс болып жатыр, аштық жайлаған елдер де бар.

Иә, осыдан 32 жыл бұрын КСРО-дан Тәуелсіздік алып, бөлек шыққанда сан ғасырлар бойы аттың жалында, түйенің қомында жүріп, небір адам төзгісіз қиындықты бастан кешкен, мың өліп, мың тірілген ата-баба рухы шат-шадыман болған шығар! Кең байтақ жерге ие болу екінің біріне бұйырмаған бақыт. Бұл бақытты бізге ешкім сыйға тартқан жоқ. Онда қаншама ата-баба көз жасы мен аққан тері, қаны жатыр. Бір шаршы метр жер үшін қаншама батырларымыз ұйқысын төрт бөліп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Осыдан 32 жыл бұрын КСРО-дан бөлінгенде, алғашқылардың бірі болып сонау мұхиттың арғы жағындағы алпауыт Америка Құрама Штатының, онан кейін Қытайдың Тәуелсіздігімізді мойындауы өзгелердің біздің мемлекетімізге айрықша назар аударып отырғанын көрсетті. Сонан бері орда бұзар жыл өтті. Сол жылы өмірге келген сәбидің баласы қазір мектеп табалдырығын аттауда.

Бұл күнде өз Тәуелсіздігіміздің көрінісіндей ана тіліміз — күннен күнге өркендеп келе жатқан қазақ тіліміз бар. Қазір бұрынғыға қарағанда қазақ тілінде сөйлейтін жастарымыз көбейіп келеді. Тәуелсіздіктің үш тұғырының негізгі екеуі жер мен тіл десек, үшіншісі — татулық пен бірлік.

Үшінші тұғырымыздың — бірлігіміздің нығайып, бірнеше ұлыс пен этнос өкілдерінің достықты ту етіп, ел экономикасын көркейтіп келе жатқанының өзі оларды қазақ халқының бауырым деп құшағына алуы, олардың да мұны түсініп, Қазақстандай алып мемлекетті жат көрмеуін көрсетеді. Əрине, бес саусақ бірдей емесіндей, кейде əр жерден сеператистердің əлсіз үні шыққанымен, сол ұлыс пен этнос ақсақалдарының өзі-ақ тентегі мен тебізін тезге салып отырғаны елдің ұстанып келе жатқан бағытының дұрыс екенін көрсетеді. Ынтымағы жарасқан мемлекеттің қай кезде де ғұмыры ұзақ, тіршілігі баянды болмақ. Ендеше сонау Ғұн, Сақ дəуірінен бастау алған, онан Түрік қағанаты, Алтын Орда мен Қазақ хандығына ұласқан тарихы бар мемлекетіміздің мəңгілік өмір сүруіне сіз бен біз болып, ұрпағымыз болып əрдайым үлес қоса берейік! Тəуелсіздігіміздің үш тұғыры — жеріміз бен тіліміз, бірлігіміз мəңгі жасасын! Тамырымызды тереңге тарта берейік, ағайын! Еліміз аман,жұртымыз тыныш болғай!

Базаркүл ҚАЛБЫР

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 3 700 ШАҚЫРЫМҒА ЖУЫҚ ЖОЛ ҚАРДАН ТАЗАРТЫЛДЫ

Алдыңғы

ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫН ДАМЫТУ БАРЫСЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *