Бүгін Түркістандағы облыстық «Фараб» кітапханасында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Баян Бекетованың шығармашылығына арналған «Ақ періште әлемім! атты кеш өтті. Іс-шараға келушілер алдымен кеш иесінің туындыларынан жасақталған кітап көрмесімен танысты. Содан соң үлкен залда Баян Қадірбайқызы жайлы бейнетуындыны тамашалады. Әдеби кеш шымылдығы «Ақ періште әлемім!» атты монологымен түрілді.
Мазмұнды жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– «Түркістан таланттары» жобасының аясында өткізіліп жатқан бүгінгі кездесудің біз үшін орны ерекше, тәрбиелік маңызы зор. Осы жоба өңіріміздегі қаламгерлердің өнерін қалың оқырманға таныстыру мақсатында жүзеге асырылып отыр. Жоба бастау алғалы елімізге белгілі бірқатар қаламгердің кеші оқырман қауымның ерекше ықыласына бөленді. Құрметті Баян Қадірбайқызы, сіз ақындық ұстанымыңыз бен елге деген ерекше сүйіспеншілігіңіздің арқасында халықтың қалаулы қызына айналып, сол арқылы ел руханиятының дамуына орасан зор үлес қосып келе жатқан қаламгерсіз. Туған топырағыңыз Түркістан төрінде өтіп жатқан жыр кешіңізбен құттықтаймын! Жас оқырмандарды поэзия әлеміне баулуда атқарып жатқан еңбегіңіз үшін алғысымды білдіре отырып, бүгінгі кештің жоғары деңгейде өтуіне тілектеспін, – деген облыс әкімінің орынбасары кеш иесіне құрмет көрсетті
Іс-шараға Қазақстан Композиторлар одағы Түркістан облыстық филиалының төрайымы, «Ерен еңбегі үшін» медаліның иегері әнші, композитор Құралай Сәтмұхамбетова, ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, белгілі ақын Бауыржан Жақып және «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Құрмет» орденінің иегері, ақын Ханбибі Есенқарақызы және өңірдің зиялы қауым өкілі қатысып, ізгі лебізін білдірді.
Кеш барысында Баян Бекетованың өлеңдеріне жазылған әндер орындалды, өлеңдері оқылды. «Құс қанатындағы хат» әдеби-сазды қойылымы көрсетілді. Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұжымы мен «Конгресс Холл» өнерпаздары өнер көрсетті.
Қаламгердің нәзік лиризмге толы сыршыл өлеңдері оқырманын таңғы шықтай тазалығымен өр рухты балладалары мен толғаулары терең мазмұнымен баурайды. «Үмітім менің», «Жалғыздық», «Жалын», «Шолпы», «Ұйықтамайды жұлдыздар» секілді жыр жинағымен-ақ, оқырманын елеңдетіп, ертеңіне үкілі үміт байлатса Баян ақын бүгінде, «Сәмбі тал», «Көлбастау» «Мен сені сағынғанда» «Шолпы» атты жыр жинақтары әдеби қауымды қуантып, жыр сүйер қауымды тәнті етіп келеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Comments