Біз жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. ХХІ ғасыр жаһанданудың ғасыры десек те болады. Жуырда ғана ақпараттық технологияда зор төңкеріс болды десек, қателеспейміз. ChatGPT, яғни, жасанды интеллект кезеңінің алғашқы қадамы жасалды. Егер сіз сұрау салсаңыз, сізге қажетті материалды дереу жазып береді. Ғаламтордағы барлық ақпаратты дереу сүзгіден өткізіп, сізді не толғандырады, қандай мәселе бойынша жаңалық білгіңіз келеді немесе өлең яки әңгіме жазғыңыз келе ме, бәріне көмектеседі. Тіпті ағылшын тілді орта жасанды интеллектпен алғашқы романдарын жазып, оны саудалай бастағанын көріп отырмыз. ChatGPT күн сайын жаңарып, толығып, кемелденіп келеді. Онымен бәсекелес интернеттік құрылымдар, сайттар пайда бола бастады. Менің достарым осы жасанды интеллектті пайдаланып, түрлі қызық мәліметтерге қол жеткізіп жүр.
Қазіргі буын ақпараттық прогрестің даму шағында өмірге келді. Түрлі сайттар, әлеуметтік желілер, ютуб арналар көбейді. Гаджет ұрпағының алғашқы толқыны да XXI ғасыр жастары. Қолымыздағы смартфонмен әлемнің барлық жаңалығын әп-сәтте біле аламыз. Ондағы жаңалықтардың бәрі бірдей керекті ме, біздің өмірімізге пайдалы ма, әлде кесірі көп пе? Ең толғанар сұрақ — осы.
Әуелі мен жаһанданудың кері әсерінің бірнеше түрін атағым келеді.
❇️ Біріншіден, дәстүрлі мәдениетімізден жырақтауымыз мүмкін. Өйткені әлемдік музыканың ең соңғы үлгілерін тыңдайтын менің достарым өзіміздің бірегей әндерімізді, әсіресе, дәстүрлі әндерімізді тыңдауға құлықсыз. Оларға Қайрат Байбосыновтан гөрі, америкалық әлдебір әншінің есімі танымал.
❇️Екіншіден, қазақ тілін білгеннен гөрі, өзге тілді тез үйреніп алуға пейіл. Қазір кішкентай бүлдіршіндеріміздің тілі ютуб арқылы орысша шығып жатыр. Қалада емес, мұндай жағдай ауылда да қылаң беріп қалады.
Сондай-ақ, қарадүрсін, боқауыз сөздер жастар арасында кең тарап келеді. Жастарды өзге мәдениетке, өзге дінге тартқысы келетіндер де жоқ емес. Соны азайту керек. Оның қадамы жастарға өз тілімізде сапалы қызмет көрсететін түрлі әлеуметтік, танымдық контенттер керек-ақ.
❇️Үшіншіден, өз тарихымызды мақтан тұтар ұрпақ бола аламыз ба? Интернетте отырып, өзге елдің жауынгерлері, батырлары, тағдырлы тарихы туралы киноларды, видеосюжеттерді көп көреміз. Осы орайда Батихан есімді оқушымның мына бір пікіріне құлақ түрелік: “Мысалы, корейдің Джумонг ханзадасы туралы тарихи сериалды мектепке алғаш барған кезде көрдік қой. «Менің атым – Джумонг» деп ойнағанымыз есімде. «Менің атым – Қабанбай, Бөгенбай, Қарасай, Райымбек, Махамбет» деп ойнайтын бүлдіршін бар ма?.. Бізде видеоконтенттің сапалы әрі қызықты болуы маңызды деп ойлар едім” — дейді.
Енді оң әсерін айтқым келеді. Жаһандану қорқынышты емес, жаһандануға басыбайлы берілу қорқынышты сияқты. Жаһандану үрдісін біз тоқтата алмаймыз. Бірақ оған өз құндылығымыз, тарихымыз, тіліміз арқылы атсалысып, өзіміздің өзіміз жетілдіре түсеміз.
⚜️Біріншіден, мәдениетіміз өзге елдерге тарайды. Мұның жарқын мысалы – Димаш ініміз. Оның әндерін тыңдайтын жүздеген миллион адам бар. Солардың көбі — жастар. Корейлік, малайзиялық, индонезиялық, америкалық, ресейлік жастардың Димаш ініміздің әнін қазақша айтқанын тыңдап, қуандық. Демек жаһандануға біздің қосар үлесіміз, алар пайдамыз бар.
⚜️Екіншіден, жоғарыда айтқан жасанды интеллект қазақ тілін дамытуға да зор серпін береді. Тек біз интернетке сапалы контент енгізіп, қазақ тілді ақпаратты көбірек жарияласақ, осы үрдісте өзгелерден кеш қалмасақ болғаны. Менің достарым қазақша сұрақ қойып, қазақша жауап алып жүр. Әзірше бастамасы жаман емес.
⚜️Ойымды қорыта келе, тағы бір Елнұр есімді шәкіртімнің пікірімен сабақтайын: “Үшіншіден, білім алу мүмкіндігі кеңейді. Сіз өз тіліңізді жетік біліп қана қоймай, өзге тілді де тез меңгере аласыз. Видеоконтенттер арқылы онлайн білім алып, ағылшын тілін меңгеріп, Америкада оқып жатқан ауыл балаларына қызығамын. Мен де қазір ағылшын тілін жетік меңгеруді тырысып жүрмін. Бұл мүмкіндік, заман туғызған жақсы орай деп білемін” — дейді.
Ал сіз не жайында ойлап жүрсіз, құрметті менің замандасым?
Айнұр ЖАМАЛБЕКҚЫЗЫ,
Жамбыл облысы,
Байзақ ауданы,
Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Comments