ЖаңалықтарҚоғамМәдениетРуханиятСаяхат

АҚТӨБЕГЕ БАРСАҢЫЗ, ӨКІНБЕЙСІЗ!


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздің туристік əлеуетін де пайдалану қажет. Туризм серпінді жобалар қатарында болуы тиіс» деп атап көрсетті кезекті Жолдауында. Осыған байланысты жуырда үшінші мегаполис — Шымкенттегі GRAND HOTELде «ROAD-SHOW — 2023» конференциясы өтті. Мұның мақсаты Ақтөбе облысының туристік əлеуетін таныстыру. Оған жастар ұйымдары, туристік компаниялар қатысты.
Ақтөбе облысы Қазақстан Республикасында территориясы жағынан бірініші орын иеленеді. Тұрғындары миллионға жуықтап қалды. Негізінен қазақтар, орыстар, украиндар, татарлар жəне де басқалары тұрады.
Қалада 11 жоғары, 16 арнаулы оқу орны бар. Қазақ жəне орыс драма театрлары, қуыршақ театры, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Кеңес Одағының Батыры Əлия Молдағұлова атындагы мұражайы қызмет істейді.
Бұл өңірден небір белгілі азаматтар шыққан. Жыршы, жырау Ақтан Керейұлы, Əбілқайыр хан, Əйтеке би, қазақтың ұлы биі Мөңке би, атақты тары өсіруші Шығанақ Берсиев, күйші, қазақтың халық ақыны Нұрпейіс Байғанин, композитор Ғазиза Жұбанова жəне тағы басқалары осы өңірдің мақтаныштары.
Конференцияда этнограф-ұстаз, қолөнер шебері, алаша, кілем тоқу өнерінен ЮНЕСКОның Сапа белгісінің иегері, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі Бұлбұл Кəпқызы, Қазақстан Республикасы қолөнершілер өндірісінің басшысы Жақыбаев Нұрлан Сəулебайұлы өз салалары бойынша жеткен жетістіктерімен қатар келген туристерге не ұсына алатындарын жан-жақты əңгімеледі. Бұл күнде Ақтөбе қаласындағы «SARQYT» мейремхана емес, музей ретінде танылып үлгерген ауқымды кешеннің аға əкімшісі Мөлдір Қуанышбаева бұл ғимаратта тек ұлттық тағамдарды ғана ұсынып қоймай, ұмытылып бара жатқан салт-дəстүрді де насихаттайтынына кеңінен тоқталды. «Four Tour» туристік фирмасы директорының орынбасары Мұрат Сағадинов келген меймандарды жоғары деңгейде күтіп алып, небір тамаша көрнекті де тарихи орындарды көрсететіндерін, заманауи үлгідегі қазақ киімінің дизайнер-сəнгері Малика Дүйсенбаева ұлттық киімдерді қазақ мəдениетінің дəстүрлі элементтерін заманауи сəн үрдістерімен үйлестіріп ұсынып жүргенін қызықты ете əңгімеледі.
Сондай-ақ, Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Казанка ауылында «Зәру» пантымен емдеу шипажайы барын да білгендеріңіз жөн. Онда стационарлық және амбулаториялық ем ұсынылады. Пантогематоген тірек-қимыл жүйесі, жүйке жүйесі, иммундық жүйе, ас қорыту жүйесі, қан тамырлары сияқты көптеген ауруларды емдеу үшін ұсынылады.
«Зәру» шипажайы 2018 жылдың маусымында марал өсіру шаруашылығы базасында ашылған. Ол 3,5 гектарды алып жатыр.
Иә, небір киелі де қасиетті орындарға бай Ақтөбе өңірі сіз бен бізді күтеді. Мұнда келсеңіздер, еш өкінбейсіздер. Ең бастысы, керемет демалып, денсаулықты жақсарта аласыздар.

 

Түркияда ірімшіктің тарихы терең

Алдыңғы

ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ЖАРШЫСЫ БОЛУ САУАПТЫ ІС!

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *