Адам айналасындағы өмірді сыртқы мүшелері арқылы қабылдайды. Халық арасында «Көзіңді алмастай сақта», «Көз –адамның айнасы» деген қанатты сөздер де бар. Адам ағзасында көру — бес сезім мүшесінің негізгі ақпарат көзі саналады. Адам ақпараттың 90% визуалды түрде көру арқылы қабылдайды. Уақыт өте келе көз үлкен күйзеліске ұшырайды, көру сапасына әсер ететін түрлі өзгерістер де болады. Мамандар сау адам жылына бір рет көз дәрігеріне барып, профилактикалық тексеруден өтуі керек десе, қазақта «Қай жерің ауырса жаның сол жеріңде» дегеніндей біз офтальмологқа барып тексерілуді тек көзімізде жайсыздық сезіле бастаған кезде ғана есімізге алатынымыз бар. Еліміздің белгілі көз дәрігерлері адам қырық жастан асқан соң жартыжылда бір рет офтальмологқа қаралып тұру керек, ал диспансерлік есепте тұрған науқастар кем дегенде жылына төрт рет көз дәрігеріне барып тұрғаны жөн деп кеңес айтуда. Сондай-ақ, тағы бір ұмытпай айта кететін жайт көзі үшін адамның дұрыс тамақтануы маңызды рөл атқарады екен. Офтальмологтардың айтулары бойынша құрамында түрлі тағамдық қоспалар, алкоголь бар зиянды өнімдерді, тұзды шамадан тыс тұтынатын өнімдерден аулақ болған жөн. Керісінше құрамында көп мөлшерде дәрумендері бар тағамдар — балық өнімдері (Омега-3 май қышқылдарының қайнар көзі), құрамында А дәруменінің ізашары болып табылатын бета-каротині бар жемістер мен көкөністерді күнделікті жеп тұру керек. Салауатты өмір салты адамның көзіне де әсер етеді. Жүгіру, жүзу, жеңіл аэробика сияқты спорт түрлері көру үшін пайдалы болып саналады.
Ағымдағы 2023 жылдың маусым айынан бастап 3 айдың көлемінде Жетісу облысы әкімдігі және Жетісу облысы Өңірлік Кәсіпкерлер Палатасы, Өңірлік Іскер Әйелдер Кеңесінің бастамасымен нарықта 30 жылдан астам уақыт елдің денсауылығына қамқорлық танытып келе жатқан «Nona optica» Офтальмологиялық орталығы басшысы, көз ауруларын 15 жыл көлемінде емдеп келе жатқан жеке кәсіпкер Пятова Лариса Александрқызының қолдауымен облыс көлемінде халықтың көз ауруларын ерте кезеңінде анықтап алдын алу мақсатында «Әлемді қуаныш көзімен» акциясы өтуде. Акция аясында көз дәрігеріне облыс бойынша 2 мыңға жуық адам қаралған.
Лариса Александрқызының айтуынша:
— Көздің көру қабілеті әртүрлі себеппен нашарлауы мүмкін. Мысалы, заманауи гаджеттер мен компьютерді көп қолданатын жастарда көзге салмақ түсіп, көз рефракциясы бұзылады. Яғни экраннан тарқайтын көгілдір сәуле көз жанарына қарсы шағылысып, кері әсерін береді. Ал жасы егде тартқан кісілерде қанның қоюлануы, қант диабеті, гипертония сияқты қосалқы аурулармен байланысты болып келеді. Кейде көздің нашар көруі тұқым қуалаушылықтан да болады. Дегенмен қай жағдайда болмасын, дәрігерге ерте бастан көрініп, асқындырып алмаған жөн, — дейді.
Өңірлік Іскер Әйелдер Кеңесінің мүшесі Утешбаева Салтанат Мұхаметханқызы:
— Жасыратыны жоқ, қазір ауылда маман жетіспейді. Ауылға жас мамандарды тарту үшін тек жұмыс ұсынған аз, алдымен жастардың жағдайын жасау керек. Осы күні көптеген бағдарламалар арқылы жастарға қолдау барында білем, бірақ оқу бітіріп жаңа дипломын алған жас, ауылға кеп не үйім, не күйім жоқ боп қалам ба деп қорқақтайтындар көп сияқты. Ал осындай медециналық акциялар жиі болып тұрса, қарапайым ауыл халқына бүгінгідей қымбатшылық заманында азда болса көмек болар еді,- деді
Comments