АймақЖаңалықтарТехнология

ТҮРКІСТАНДА ҚЫТАЙ ТӘЖІРИБЕСІМЕН БІРНЕШЕ ЗАУЫТ АШЫЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық Республикасынан келген кәсіпкерлермен кездесіп, бірнеше жобаны талқылады. Нәтижесінде Түркістан облысы мен Қытай тауар өндірушілері екіжақты байланысты дамытып, бірлескен жобалар ашып, тәжірибемен бөлісу бойынша Меморандумдарға қол қойды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру, кабель желісін жасау, электр көліктерін зарядтау станциялары, тігін фабрикасын ашу бойынша жалпы сомасы 3 млрд. теңгеден астам қаржыға кәсіпорындар ашу бойынша индустриалды аймақ және арнайы экономикалық аймақ басшылығымен меморандумдар түзілді.

– Түркістан өңірі Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі болып саналады. Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары тек нығая түсуде. Бүгінгі өтіп жатқан көрме қазақ-қытай кәсіпкерлері арасында оң нәтижелер беретініне сенімдімін. Қытай елінің бай тәжірибесі Түркістан өңірінің әлеуетін көтеруге зор мүмкіндік береді. Осыған дейін Қытайға жұмыс сапарымен барып, өздеріңізбен жүзесіп едік. Біраз маңызды жобаларды талқыладық. Бүгінгі кездесу сол сапардың жемісі деп білеміз. Біздің аудан әкімдері Қытайдағы ірі өндіріс орындарын аралап, тәжірибе жинауын жалғастырып жатыр. Осы тәжірибелерімізді жинақтап, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашуды көздеп отырмыз,– деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіп, мата мен кілем өндірісі және тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі талқыланды. Сонымен қатар автомобиль жасау, электроника, цифрлық технологиялар, робототехника, пластмассадан жасалған бұйымдар – пластикалық ойыншықтар, ыдыстар және тағы басқа өндірісті дамытуға қажетті жобалар қарастырылды. Тауар айналымы туралы пікір алмасты. Көлік-логистикалық инфрақұрылымын тиімді пайдаланып, осы бағыттағы жобаларды жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар берілді.

Рухани астанаға алғаш рет келген Қытай делегациясы өз әсерлерімен бөлісіп, бірлесе жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді. Делегацияны бастап келген Мэнг Сю Ли бұл сапардың басты мақсаты Жібек жолы арқылы сауданы дамыту, яғни Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда қарым-қатынасты одан да жоғары деңгейде көтеру екенін атап өтті.

– Сіздермен қайта қауышып отырғанымызға өте қуаныштымыз. Осыған дейін талқылағанымыздай, біз бірнеше жобаны жүзеге асыруға дайынбыз. Ең бастысы – халық сұранысын нақтылап, соған сәйкес зауыттар ашуға, сауда-саттық орнатуға асықпыз. Түркістан облысында ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру зауытын салуға болады. Кабель желісін жасау, электр көліктерін зарядтау станциялары, киім-кешек тігетін фабрика ашуға дайынбыз. Түркістанды алғаш көруім. Мені қаланың көркі таң қалдырды. Сондықтан Түркістанның болашағы жарқын екеніне көзім жетті. Осы тұста туризмді дамыту бағытында да жұмыс істеуге болатынын айтқым келеді. Жалпы, бұл жобалар екіжақты әріптестігіміздің басы ғана, – деді ол.

Осы кездесуде Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымын арттыруға арналған онлайн платформа таныстырылды. «Илтун» деп аталатын сауда платформасының басты артықшылығы тауарды тікелей өндірушіден сатып алуға мүмкіндік береді. Платформаның мақсаты – тауардың бағасын арзандату, сапасын арттыру және алып-сатарлар санын азайту.

Осы мақсатта Түркістанда екі ел өндірушілерінің көрмесі өтіп жатыр. Аймаққа инвестиция тартып, жергілікті өнімдерді экспортқа шығаруды мақсат еткен іс-шарада жалпы саны 60-қа жуық тауар өндірушінің өнімдері қойылды. Атап айтқанда, киім, аяқ киім, ыдыстар, текстиль өнімдері, электр машиналары, күннен қорғайтын өнімдер, электр скутерлері және Түркістан облысы бойынша тамақ, жиһаз, химия, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, қолөнер шеберлерінің туындылары қойылды.

Түркістан өңірінде бірнеше бағыттарда өңіраралық кооперацияны дамытудың жоғары әлеуеті бар. Біріншіден, өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіптер, маталар мен кілемдер өндірісімен тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі мол. Сонымен қатар пластмассадан жасалған бұйымдар пластикалық ойыншықтар, пластикалық ыдыстар, автомобиль жасау, электроника, цифрлық технологиялар және т.б. өндірісін дамытуға болады. Екіншіден, агроөнеркәсіп кешені саласында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша ел көшбасшыларының бірі екені белгілі. Ірі қара және ұсақ мүйізді мал басы (5,9 млн.), ет экспортының көлемі (80%), сондай-ақ жеміс-жидек экспорты (26%) бойынша үнемі алдыңғы қатарда. Бүгінгі таңда өңірде дәнді, жеміс-көкөніс, бақша дақылдары мен ет-сүт өнімдерін терең өңдеу басым бағытқа ие. Түркістан облысының негізгі инвестициялық кешендері – дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен қатысушыларына түрлі салық жеңілдіктерін беретін «Түркістан» арнайы экономикалық аймағы. Арнайы экономикалақ аймақ шамамен 4000 га аумақта орналасқан және 6 қосалқы аймақтан тұрады, олар: тарихи-мәдени орталық (862 га), әкімшілік-іскерлік орталық (1580 га), 3 өнеркәсіптік аймақ (365 га — Оранғай, 180 га — Түркістан, 35 га — Кентау) және әуежай (967 га).

Үшіншіден, туризмді дамыту – облыс экономикасының басым бағыттарының бірі. Мәселен, соңғы 3 жылда облыста туризмге құйылған инвестиция көлемі шамамен 600 млн. АҚШ долларын құрап, жыл сайын шет мемлекеттерден туристер ағынының артуы байқалады.

Сапар барысында Қытай делегациясы «Turkistan» индустриалды аймағы мен арнайы экономикалық аймақтың жұмысымен танысты.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

СТАМБҰЛДАҒЫ АЛТЫН КҮЗДІҢ КЕРЕМЕТІ

Алдыңғы

Солтүстік Эгей теңізіндегі әдемі Түркия аралдарын аралаңыз

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *