БизнесБілім

Үнемі қоғам талқысына түсіп жүрген, ел болашағы жастар үшін маңызды мәселенің бірі – қаржылық және құқықтық сауаттылық. Соңғы жылдары қаржы пирамидаларына алданып жүргендердің де, алаяқтық арқылы ақша жасайтындардың да қатары артуда. Осы орайда жауаптылар мен мемлекет алдында қарапайым халық пен жас буынның қаржылық сауаттылығын арттыру міндеті тұр.
Нарықтық экономикаға бағытталған мемлекет ретінде қаржылық білімді меңгеру қажеттілік десек те болады. Сонымен қаржылық сауаттылықты қалай арттырамыз? Пирамидаларға алданбау үшін оны қалай анықтаймыз? Осы сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбітеміз.
Қаржылық сауаттылық – ақшаны басқару туралы білім. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ақшасы көп адам емес, оны дұрыс басқара білетіндер ғана жетістікке жетеді. Ақшаны басқаруда оны үнемдеу, есебін жүргізіп отыру, білімге, тұлғалық дамуға инвестиция құюмен қатар қазақстандық ретінде өз құқығымызды білу мен есепшоттардағы, дисконттық карталардағы жеке ақпараттарды құпия сақтаудың маңызы зор. Дәулет Төлеутайұлы – ақшаны басқару білімі туралы жеке кітап шығарып, осы бағытта кәсіби білімімен қазақша контент ұсынып жүрген экономистің бірі.
– Қаржылық сауаттылық дегеніміз – қарапайым тілмен айтқанда қаржылық тәртіп, яғни өз бюджетіңді басқара білу. Ол адамның өз-өзіне есеп беруінен басталады. Кез келген адам қарызға батпас үшін барынша үнемдеп, қаржылық сауаттылығын арттыру керек. Бұл екеуі де заман талабы. Ал біз көп жағдайда керісінше басқа адамның ақшасын санап кетеміз.
Қаржылық сауаттылықты арттыру стратегияларына келетін болсақ, Абай атамыз: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмағанда айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деген екен он бесінші қара сөзінде. Яғни, адам кірісі мен шығысын санап, өзіне есеп беруі керек. Екінші стратегия бойынша бір дүкендегі бағаны басқа дүкенмен салыстырып қарау қажет. Қай жерде арзан, қай жерде қымбат екеніне мән беру заңдылық. Адам қанша жерден бай болса да, бағаны бағамдағаны дұрыс. Қажетті дүниені ойланбай, бірден бір жерден ала салмаған жөн. Үшінші кезекте қаржылық қор тұр. Яғни адам тапқан табысының жоқ дегенде 10 процентін жинап отыруы керек. Жиі еститінім, қазақстандықтар ақшаның қайда кетіп қалғанын білмеймін деп жатады. Оның барлығы осы қаржылық сауатсыздықтан туындайды. Тағы бір айта кетерлік жайт, адам жиі садақа беретін болса, тапқан табысы берекелі болады. Адам өзінің тапқан ақшасының несібесін көреді. Себебі кей азаматтар 1 миллион немесе 500 мың табыс тауып отырса да, ұқсата алмайды. Керісінше 100 мың тапса да берекетін көріп, отбасын асырап, тіпті, үй сатып алып жатқан азаматтарды кездестіргенмін, – дейді ол.
Статистикаға сүйенсек, қазақстандықтардың 3/1-і отбасылық кіріс пен шығысын тексеріп, жүйелі есеп жүргізбейді. Қажет кезінде оңды-солды несие алып, қарызданып, төлейтін уақыты туғанда шақшадай басы шарадай болып жүргендер жетерлік. Тіпті, тұтынушылық несие алу бойынша біздің ел рекордтық көрсеткішке жеткен. Дамыған елдерде несиеге жұмсалатын қаражаттың көлемі адамның жеке табысының 20%-ынан аспайды екен. Бұл шынымен халықтың қажеттілігінен туындап отыр ма? Ол жайлы экономист Дәулет Төлеутайұлы: «Бізде азаматтар ақшасын үнемдемейді, қаржылық сауаттылығы төмен болған соң үлкен үстемелерге қарамай, құдды тегін балық үлестіргендей несиеге бас ұрады. Ал дамыған елдердің тәжірибесіне қарасақ, несиеге жұмсалатын қаражаттың көлемі табысының 20 процентінен аспайды. Сондықтан біздің халық та осыны үйренуі керек. Қазақстандықтар несиені рәсімдеу үшін табысына қарамай, өтірік табыс көрсеткішін келтіріп жатады. Қарызды алу бөлек, оның қайтарымы бар. Ол үшін ең алдымен қаржыны жоспарлы түрде жұмсауды үйренген жөн. Дүкенге бармас бұрын, алатын заттардың тізімін жасап, кететін шығындарды есептеп шығу керек. Кеткен шығындарды есептеп жүріңіз немесе арнайы кітапша арнап, соған жазып отырғаныңыз дұрыс. Сол кезде қаржыңыздың қайда кеткенін бақылай аласыз. Ай соңында жазған кітапшаңызға назар салыңыз. Артық шығындарды көріп, ақша ұстаудағы өз кемшілігіңізді байқауға болады. Дүкеннен қалған тиындарды кез-келген жерге қалдырмаңыз. Есіңізде болсын, ақша тиыннан құралады. Ұсақ тиындарды жинауды әдетке айналдыру керек. Күндердің күнінде ақшаныздың қалай көбейгенін өзіңіз де байқамай қаласыз», – дейді.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржылық пирамидалар белгілерінің тізімін бекітті, оған жосықсыз мінез-құлық практикасының 39 өлшемшарты кіреді. Қаржылық алаяқтық және қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы аталған агенттік жанынан 2020 жылы құрылды. Оның құрамына ҚР Ішкі істер министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Бас прокуратура, Қаржы мониторингі агенттігі, Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілдері кіреді. Яғни алаяқтық әрекет туралы ақпарат келіп, ол дәлелденгеннен кейін қылмыстық іс қозғалады. Нәтижесінде адамдардың ақшасын заңсыз алатын компанияның веб-сайты бұғатталады. Мәселен, мемлекеттік органдар 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 3 мыңнан астам сайтты бұғаттап, 44 қылмыстық іс қозғаған.
Қаржы пирамидасын қалай анықтаймыз? Оған алданбау үшін не істеу керек? Классикалық қаржы пирамидаларының негізгі белгілеріне кредит, микрокредит беру, аударымдар мен төлемдерді жүзеге асыруға лицензияның/есептік тіркеудің болмауы, интернет желісінде, оның ішінде әлеуметтік желілерде, жоғары кіріс пен пассивті кіріс алуға уәде беретін жаппай жарнаманың жүргізілуі, жаңа қатысушыларды тартқаны үшін сыйақы берілетіні туралы жалған ақпарат, компания мен компания басшысының қызметі туралы нақты анықтаманың болмауы, жобаның атауларында, символикаларында, жарнамаларда белгілі компанияларға, брендтерге ұқсас сөздерді, сөз тіркестерін және танымал адамдардың суреттерін қолдану, түрлі бағдарламалар негізінде халықтан автомобиль, пәтер, жер учаскелерін сатып алуға ақша қаражатын тарту жатады. Мұның барлығы – күнделікті айналамызда болып жатқан жайттар. Ал алаяқтың құрығына дұрыс ақпаратпен таныс емес, материалдық проблеманы оңай шешкісі келетін, «алма піс, аузыма түс» деп аяғын көтеріп жататындар бірден ілінеді. Алаяқтық әрекеттердің соңында қарызға батқан немесе ақшасынан айырылған, сан соққан сауатсыз адам ғана қалады. Сондықтан кез келген жағдайда асығыс шешім қабылдамас үшін ақпаратымен танысып, зерттеп, біліп алыңыз. Себебі қаржылық пирамиданың құрығына ілінгенді құтқару, тіпті, тәжірибелі мамандардың да қолынан келе бермейді.
Дина БӨКЕБАЙ

ЖАСТАРҒА ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ КЕРЕК

Алдыңғы

ТҮРКІСТАН: САЛЫҚТЫҚ ТҮСІМДЕР МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *