Бүгін аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында атқарылып жатқан шаралар қаралды. Жарлық аясында жүзеге асырылып жатқан негізгі жобалардың бірі – «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасы.
Жоба Үкіметтің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында қолға алынып отыр. Мұндағы мақсат ауылдағы жұмыссыздықты жою, ауыл халқын жеке кәсібін дөңгелету арқылы табыс табуға үйрету, бұл бағытта қолдау көрсету. Бүгін Түлкібас ауданының тұрғындарымен кездескен Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Қуандықұлы мен арнайы мамандар ауылдықтарға жобаның мақсаты мен міндетін, табыс табудың жолдарын түсіндірді.
Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Ахметовтың айтуынша, жоба ауылдықтарға кәсіпті бірлесе кооперация құру арқылы жүргізіп, ауқымды іс бастауға мүмкіндік береді. Бұл бағытта Үкіметтен де қолдау бар. Яғни, 2,5 пайызбен несие алуға болатынын жеткізді. «Жеке кәсіппен айналысып, кооператив құрамын дегендерге 2,5 пайыздық көрсеткішпен жеңілдетілген несие беріледі. Сонымен қатар ауылшаруашылық техникасын алуға лизинг беру қарастырылған. Кооперативтер үшін инвестициялық субсидиялар бөлу тағы бар. Одан қалды агроөнеркәсіп саласында кәсіби біліктілігі мол мамандардан тегін кеңестер берілдеді. Ал, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы кооперативтердің жұмысын үйлестіріп отырады. Бұл да үлкен қолдау. Мәселен, қорадағы малының сүтін тапсырам дейтін кооператив мүшесі оны корпорация арқылы нарық бағасымен сата алады», -деп Бауыржан Ахметов бағдарламаның тиімділігін тізбектеп берді.
Сонымен қатар, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бөлімінің жетекші маманы Б.Оразбай мен Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының агроөнеркәсіп субъектілерін несиелендіруді ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Ш.Якиева құс шаруашылығының артықшылықтары мен жеңілетілген пайызбен несиеге қажетті құжаттар туралы баяндама жасап, халықтың көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.
Comments