Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында елімізде балық шаруашылығын дамытудың маңыздылығына тоқталып, Үкіметке нақты тапсырма жүктеген болатын.
Президент тапсырмасына сәйкес, саланы дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырыла бастады. Аталмыш бағдарлама шеңберінде 2030 жылы елімізде балық өсіру көлемін 270 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Бұл орайда, Түркістан облысында 20 мың тоннаға жеткізу межесі тұр. Жалпы 2022 жылы өңірде 6199,85 тонна тауарлы балық өндірілген болса, биыл 6640 тонна тауарлы балық өндіру көзделіп отыр. Бүгінде аталған жоспарды орындау бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жуырда Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Марат Айнабековтың төрағалығында Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Данияр Сейітов пен Түркістан облысы бойынша балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Александр Брадучанның, кент, ауылдық округ әкімдері мен балық өсіруге қызығушылық танытқан шаруалардың қатысуымен өткен жиында еліміздің балық шаруашылығының қазіргі ахуалы мен даму перспективасы туралы сөз қозғалды.
Данияр Сейітов «Ауыл Аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалана отырып кез-келген округте балықты қолдан және жасанды түрде өсіруге болатынын айтып, балықты дернәсілден бастап тауарлы балық көлеміне дейін өсірудің қыр-сырын, тоған қазу, шарбақ орнату, бассейн құру және ол жерге шабақтарды жіберу жайын түсіндірді. Шығын көлемі мен түсетін пайданың жобасын жіктеп, есептеп берді.
Кездесуде мамандар балық өндіру мен өсіруге қызығушылық танытқан азаматтардың Шардара су қоймасымен қатар Каспий, Арал теңіздерінен, Зайсан көлінен, қажет болған жағдайда Ресей мемлекетінен балық сатып алып, жылына 6 мың тонна шикізатты өңдеуге қауқарлы «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде оқып-үйренуге мүмкіндіктері бар екенін жеткізді.
«Бүгінде балық шаруашылығымен айналысатын шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көп. Мәселен, балыққа берілетін жемнің 30 пайызы мемлекет есебінен субсидияланады. Сонымен қатар, тауарлы балық өсіруші шаруашылықтарға арналған техника мен жабдық сатып алуға да қомақты қолдаулар көрсетіледі.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан «Ауыл Аманаты» бағдарламасына қатысып, өз кәсіптеріңізді осы балық шаруашылығын қолға алудан бастасаңыздар болады. Табысы да жаман емес» деген аудан әкімінің орынбасары Марат Айнабековтың сөзінен соң қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға мамандар жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Comments