Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында экономикалық дамуға ерекше тоқталып өтті. Оның ішінде ең бастысы, елді жұмыспен қамту, өнеркәсіп орындарын ашып, жұмыс орындарын құру. Осы орайда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Бәйдібек ауданы тұрғындарымен кездесуінде Бәйдібек ауданында 2027 жылға дейін шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жалпы құны 25 млрд. теңгені құрайтын 26 жобаны іске асыру көзделіп, 290 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланғандығын жеткізді. Оның ішінде құс еті мен жұмыртқа өндірісі, сүт фермасы, ет өңдеу кәсіпорны, балық өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорны салынбақ. Сонымен қатар, жүн өңдеу цехы, құрама жем зауыты, жел және күн электр стансасының құрылысы жүргізіліп, бірнеше демалыс орындары, сауда орталықтары салынады деп мәлімдеді.
Сонымен қатар ауданда бүгінде 2 млрд. теңгеге 4 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бәйдібекте «ERNUR-Корпорациясы» 5 мың басты құрайтын уақ мал бордақылау алаңының құрылысын жүргізуде. Аталған кәсіпорын жылына 200 млн. жұмыртқа өндіретін 600 мың бастық құс фермасының құрылысын салуды жоспарлап отыр. «Казтравертин» компаниясы жылына 25 мың текше метр травертин тастарын өңдеуді жоспарлауда. Одан бөлек, «Шоқ-Талап» шаруа қожалығы жылына 35 тонналық балық шаруашылығын бастамақ. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер «Э.Ағабекқызы» қуаттылығы жылына 6 000 дана матрас, 12 мың дана жастық шығаратын өндірісті қолға алады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Осыған орай іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы біздің облыс үшін өте маңызды. Бағдарлама аясында ауданда өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары бағыттары бойынша несиелендірілмек. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Бәйдібек ауданында бағдарлама Алғабас, Ақбастау, Көктерек, Борлысай ауылдық округтерінде іске асырылуда. Бүгінгі күнге, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 225 млн. теңгеге 41 жоба қаржыландырылмақ.
Ұлан АБЗАЛҰЛЫ,
Бәйдібек ауданы, “Шаян” тәуелсіз апталық газетінің редакторы.
Comments