МәдениетРуханият

«АХМЕТ АҒАМ АРҚАМНАН ҚАҚҚАН»

Актер, драматург Байғали Есенәлиев:

«АХМЕТ АҒАМ АРҚАМНАН ҚАҚҚАН»

Өнерімен де, өмірімен де үлгі болатын жандар болады. Өнерін өмірім деп, өмірін өнегеге айналдыратын өнер иелері болады. Сондай бекзат жанның бірі, актер, драматург, сазгер Байғали Есенәлиев жайлы қалай жазсақ та жарасады. Басқа еңбегін былай қойғанда Байғали Мақұлбекұлының Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жарқын бейнесін қайта тірілтуі – бұл қазақ өнеріне қосқан өлшеусіз үлесі екені даусыз.

Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы қарсаңында жарыққа шыққан «Ахмет. Ұлт ұстазы» фильмі былтырғы жылы көрерменге жол тартып, көпшіліктің көңілінің төрінен орын алғанын жақсы білеміз. Байғали Мақұлбекұлы бас рөлді сомдаған аталмыш сериал жайлы талай жазылды, айтылды. Замананың тар шеңберіне сыймаған тұлға мен науқаншылдықтың шеңберіне сыймайтын сериал жайлы биыл да әңгіме құрып, өлмес өнердің иесімен тағы бір сұхбаттасқанымыз бар.

*** *** *** *** *** ***

«БҰЛ РӨЛГЕ МЕНІҢ ТҮСУІМЕ БІРАЗ ТАРАПТАН ҚАРСЫЛЫҚТАР БОЛЫПТЫ»

– Байғали аға, әңгімені «Ұлт ұстазынан» бастасақ. Ахмет Байтұрсынұлының рөлін сомдау оңай болмағанын білеміз? Бұл рөл сізге не берді?

— Рөлдің оңайы болмайды ғой. «Кішкентай рөл жоқ, кішкентай актёр болады» деген сияқты. Десе де Ахмет Байтұрсынұлы — тың дүние. Бұған дейін сахнада көрсетілгенімен, экрандалуы бірінші рет болғандықтан, жауапкершілік те үлкен. Ең бастысы, бұл тарихи кейіпкер. Өмірде болған тұлға. Көпшіліктің санасында әдеби образы қалыптасқан адам. Соны экранға қалай алып шығамын? Қолымнан келе ме? Осы толғаныста болдым. Тіпті ойға беріліп, айна алдында өз түріме үңіліп, уақыттап отырып қалған кездерім де өтті. Солай отырып бір күні қалғып кетіппін. Айнадағы өз бейнем ақырындап Ахметке айналды да, орнынан тұрып келіп арқамнан қағып, басымнан сипағандай болды. Мұндай жағдай қатты толғанып жүргенде, әр шығармашылық адамының басынан өтеді. Кейде аян сияқты көрінетін осы жағдай адамға сенім бітіреді.

Бұл рөлге талапкерлер көп болды. Режиссер Мұрат Есжан маған бірден тоқтай қойған жоқ әрине, көп ойланып барып бір шешімге келгендей көрінді. Бірақ, кейін естуімше бұл рөлге менің түсуіме біраз тараптан қарсылықтар болыпты. Ол уақытта режиссер өз принципінен ауытқымай, ойын дәлелдеп шыққан. Бұл өз кезегінде режиссердің бұл тақырыпқа үлкен дайындықпен келгенін, режиссерлық жоспарының өте мықты екенін көрсетсе керек. Түсірілім барысында оған көз жеткізе түстім. Бұл фильмнің түсірілу барысында Бауыржан, Жұмағали сынды қатарластарымызбен бірге, Ұлан, Бақыт, Асан, Нартай, Фариза, т.б. дарынды жастарымыздың шеберлігіне сүйсіндік. Қазақ өнерінің болашағы дарынды жастармен толығып келе жатқанына қуандық.

Рөл не берді дегенге келер болсақ, ең бастысы Ахмет атаның бейнесінің халықпен жүздесуіне себепкер болғаным. Көрермен сүйінді, тебіренді. Ұлы тұлғаны жақынырақ тани түсті. Ал, енді Стамбулда, Парижде, Қостанайда өткен конференцияларға делегат ретінде де, қонақ ретінде де телехикаяны түсіруші тобынан ешкім кірген жоқ. Бірақ, барлық жерде сол делегацияның алдынан телехикая үзінділері көрсетіліп отырыпты. Оны Ахметтанушы ғалым, Ұлы тұлға жанашыры Райхан Имахамбет ханым айтты. 50-ге тарта мектептер мен жоғары оқу орындары, мекемелер кездесулер өткізді. Хабарласқандар қандай марапатқа да лайық жұмыс дейді. Көңілдеріне рахмет. Еңбегімізді бұлдап атақ-марапат дәметпейміз ғой. Беріп жатса еңбектің еленгені болар. «О, Ахаң келе жатыр» дейді үлкен ағалар кейде әзіл-шыны аралас. Халықтың алғыс-ықыласынан артық ештеңе жоқ.

— Фильм жайлы көрермендер пікірі қалай әсер етті?

— Көрерменге ұнады. Кино саласындағы көптен бері көңілден шыққан фильм деп жатыр. Әрине, кемшіліксіз дүние болмайды. Бірақ, басым көпшілігі жақсы пікір айтуда. Тіпті жеке байланысқа шығып, өз алғысын білдіріп жатқандар да бар. Өткенде Шәмшия Меңдиярова апай хабарласып, жақсы лебізін білдірді. Ахаңның өз жамағайын ұрпағы Ерахан деген бауырымыз, Нұрлан Оразалин, Мейрамбек Төлепберген ағамыз, тағы басқа азаматтар хабарласып, алғыстарын жеткізуде. Ең бастысы, мектеп оқушылары мен студент жастардың ұялы телефоныма хабарласып, өз пікірлерімен бөліскені де жүрегіме қуаныш ұялатуда. Бұрын мұндай болған емес. Демек, көрерменге ой салған, әсер еткен туынды болғаны ғой. Ал енді сын айтып жатқан адамдар да бар. Оның ішінде нақты, кәсіби сындар бар, әйтеуір сын айтуды мақсат тұтып, «маған мүлде ұнамады» деп, бір-ақ қайырып жатқандары да бар. Солай болуы заңды да. Бәріне бірдей ұнау қиын, әрине.

«Бәкеңді іздеп, Ахаңды көрдік» дегендер — Келбет жағынан Ахмет Байтұрсынұлына аумай ұқсапсыз. Жан-дүниеңізбен күрескер Ахметті қаншалықты сезіне алдыңыз? Немесе Ахмет образын көрсете алдыңыз ба, қалай ойлайсыз? де болды

— Келбет жағынан Ахмет Байтұрсынұлына аумай ұқсапсыз. Жан-дүниеңізбен күрескер Ахметті қаншалықты сезіне алдыңыз? Немесе Ахмет образын көрсете алдыңыз ба, қалай ойлайсыз?

— Келбет, мінез, жүріс-тұрыс, сөйлеу мәнерім көптің көңілінен шыққан сияқты. Алғашқы көрсетілімде бір ағамыз, «Суреттегі келбетіңе қарап, сөйлеуі мен қозғалысы қалай болар екен деп отыр едім, дауыс ырғағың, қимыл-қозғалысың ертіп ала жөнелді. Ары қарай сені ұмытып, Ахаңды көре бастадым» деген еді. Егер шынында да солай болса, онда мақсатымыздың орындалғаны. Ахаңды көзімен көргендер қазір жоқтың қасы. Ол туралы ешкімнен ақыл-кеңес алу да мүмкін емес. Сондықтан, Ахаң туралы там-тұмдаған естеліктер мен зерттеулерге ғана арқа сүйедік. Ахаң жүрген ауыр соқпақты ой елегінен өткізген адамның тебіренбеуі мүмкін емес. Ол туралы түсірілімдегі кей эпизодтарда кеудем өксікке толып, сөйлей алмай қалған кездерім де болды. Бір мен емес, маңайымдағылар да сол сезімді бастан кешірді. Ондай жағдайда сезім, сезіну туралы айтудың өзі артық. Түсірілім тобындағылар қандай іс атқарып жүргенін санасымен түйсініп, жанымен сезінді. Өйткені, топтың өзі өте жақсы жасақталған еді. Алты сериядан тұратын телехикаяның режиссері Мұрат Есжан, сценаристері Мұрат Есжан мен Ұларбек Нұрғалым. Көркемдік кеңесшісі — Райхан Имахамбет, Ұшқын Сайдырахман сияқты Алаш қайраткерлерін зерттеу мен қазақ кино өнеріне жан-тәнімен қызмет етіп келе жатқан азаматтар.

«КИНО САЛАСЫНДА КӨЗБОЯУШЫЛЫҚТЫ ТОҚТАТУ КЕРЕК»

— Қазақ киноөндірісінің бүгінгі аяқ алысы жайлы не айтасыз? Экранға шығып жатқан кей туындылардың көрерменнің ыстық ықыласына қарағанда сынына көптеу тап болып жатуының басты себебі неде деп ойлайсыз?

— Кино деген бір қызық сала ғой. Мысалы, Ш.Айманов атындағы киностудияның өз адамдары бар. Айналдырып кино түсіре беретін де бір режиссерлар, түсе беретін де бір актерлар. Тарихи киносы да, заманауи киносы да көбінде солай. Сол жерді төңіректеп жүретіндер бөгде адамды көрсе жақтырмай қалатынын қайтерсің!? Меніңше, киноға бөлініп жатқан миллиардтаған қаржыны сол азғана мағынасыз істердің мағынасыз тобына төкпей, қазіргі көрермен көкейіндегісін дөп басып, сенімді ақтап жүрген жастарға берсе, кино да құлпырып жүре берер еді-ау! Әрине, «ана жаққа барып лауреат болыпты, мына жақтан жүлделі оралыпты» деп жатады. Сол фильмдерді көрген халық не айтады? Жоқ әлде тек сол фестивальдердің көзқарасымен ғана өмір жалғаса ма? Бұл — өзімізді өзіміз алдау. Көк тиынға қажеті жоқ сол фестивальдерге қатысып жүлде әкеліп, сонысымен «міне, көрдіңдер ме, мені сендер емес шетелдіктер бағалап жатыр» деген бос даурықпаны, көзбояушылықты тоқтату керек. Алдымен халқың бағаласын.

«КЕЙІПКЕР ДЕ АСАУ ЖЫЛҚЫ СЕКІЛДІ»

— Бірнеше жыл бұрын Жамбыл бабамыздың рөлін сомдадыңыз. Тұлғалардың рөлін сомдау актерге абыройдан бөлек тағы не береді?

— Түк те бермейді. Рөлмен келген абырой да уақытша. Ескінің орнын жаңа басады. Бір көңіл жұбатарлығы — мұның бәрі тағдырыңа тиесілі тарих. Сол тарихтың өз еліңнің тарихымен ұштасқаны шын абырой. Ал ол жолда қаншама сындар, қаншама мақтаулар айтылып жатады. Қай рөлге де абайлап, ақырындап кірісесің. Өйткені сенің алдыңда жұмбақ тағдыр тұр. Жұмбағын шеше алсаң – абыройлысың, жұмбағын шеше алмай, лағып кетсең – абыройың айрандай төгіледі. Кейіпкер де асау жылқы тәрізді абайламай, адыраңдап келіп бас салсаң, аяғыңды аспаннан келтіріп, жығып кетеді. Әйтеуір бәленбай жылғы актерлік тәжірибеңе сүйеніп, әбден ойланып- толғанып кіріссең, онда абыройың артты дей бер. Абай, Жамбыл, Ахметтер де сондай киелі кейіпкерлер. Табатын пайдаң, алатын сыйақың шамалы ғана. Себебі, бюджеттен фильм үшін бөлінетін қаржы мәселесі қайта қарауды талап етеді. Еңбек еткен топты қайыршыға айналдырып, продюсерді үй-мүлкін сатуға дейін жеткізіп, түсірілген түскен фильмге не айтуға болады?

«САҒЫНЫШПЕН ӨМІР СҮРІП КЕЛЕМІН»

—Театрды сағынасыз ба? Көрерменнің көңіл төрінде қалған «Ең әдемі келіншектегі» рөліңізді қайта сомдауға шақырса, ойнар ма едіңіз?

— Сағынамын. Сол сағынышыммен өмір сүріп келемін. Сол сағыныш күйінде қалады өмірімнің ең бір бақытқа толы жылдары. Ол кезді қайта келтіру мүмкін емес. Ол уақыттардағы елді елең еткізер тұлға, әсем дауыс, лаулаған сезім бұл күнде көнерді. Ең әдемі келіншектің ең әдемі сезімін сыйлайтын Байғалиы жоқ. Ең әдемі кемпір туралы спектакльге шақыруы мүмкін. Оған бармай-ақ қойғаным дұрыс болар.

— Тұлғалар жайлы естеліктеріңізді жиі оқимыз. Жалпы, осы кездесулеріңізде «шіркін-ай» деп тамсанған, не «әттең-ай» деп қапы қалған сәттеріңіз болды ма?

— Менің жастық шағым түгел «шіркін-айлар» мен «әттең-айлардан» тұруымен қымбат. Солардың бәріне тамсанумен, таң қалумен, мұңайып өткен кездерімнің әрбір сәті қымбат естелік. Солардың бәрі бірде ән боп туылды, бірде жыр боп төгілді, бірде пьеса болып жазылды, т.т. Әрине, денсаулыққа әсері болмады дей алмаймын, әрқайсысы жүрегімді бір-бір жұлып өтті ғой. Бірақ, өмір сонысымен қызық мен үшін. Ешнәрсені сезінбей, ешнәрсеге қақтықпай, мың жыл тасбақа тірлік кешкенше, арса-арсам шығып, ащыны да, тұщыны да татып өткізген жылдарым артық емес пе?!

— Асқаралы алпысқа аяқ бастыңыз. Арман-мақсаттарыңызға жете алдыңыз ба?

— Адамда арман таусылған ба? Біреуіне жеттім десең, екіншісі қылтияды. Соған ұмтыласың. Өмір дегеннің өзі иллюзия ғой. Сондықтан «жалған» дейміз. Бірақ е бәрі жалған, бәрі өтірік екен деп томсырайып жатып алмайсың. Жүріп өткен жолыма қарап, шүкіршілік етемін, алдыма қарап, армандаймын. Бала кезімізде алпыс деген кәрілік сияқты көрінуші еді, соншалықты кәрілікті сезініп жүрген жоқпын. Басқаларды қайдам? Әлі біраз шаруаларды тындыруға болады. Енді пешенемізге қарап көреміз де…

Әңгімелескен Бақтыгүл АУДАН.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ТҮРКІСТАН: «СҰҢҚАР» КЕҢ АУҚЫМДЫ ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ АКЦИЯСЫ КҮШЕЙТІЛГЕН РЕЖИМДЕ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Алдыңғы

ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИДЕ САУМАЛМЕН ЕМДЕЙТІН ОРТАЛЫҚТАР САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *