Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында жастарға берілетін 2,5 пайыздық несие бойынша жиын өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлованың төрағалығымен өткен жиынға ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрғали Елшібаев, ауданның мансаптық орталығының директоры Мұхтар Әжіқабылов, кенттер мен ауылдық округ әкімдері, әлеуметтік сала мамандары және аудан жастары қатысты.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберіндегі кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шаралар аудан көлемінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жанынан құрылған Еңбек мобильділігі орталығының аудандық филиалы – Мансап орталығы арқылы ұйымдастырылуда.
Жиында сөз сөйлеген Н.Елшібаев аталған Ұлттық жоба шеңберінде аудан бойынша, 21-35 жас аралығындағы 30 аудан тұрғынына жеңілдетілген негіздегі 2,5%-дық микрокредит беру жоспарланғанын атап өтті. Жоспарды орындау бойынша нақты қадамдық іс-шаралар жоспары бекітіліп, әрбір кент, ауыл әкіміне кәсіпкерлік қызметті бастауға ниетті жастардың ішінен кемінде 3 адамды дайындап, бизнес жобасын әзірлесуге, кейіннен конкурсқа қатысқанша толық сүйемелдеу міндеті жүктелгенін айтты. Алайда, бүгінгі күнге аудан бойынша 2 адам ғана бұл микрокредит түріне қол жеткізген екен.
Аудан бойынша бұл бағыттағы мониторингті Мансап орталығы жүргізіп отыр. Бүгінгі таңда Бірлік ауылдық округінен 5 азаматтың, Достық ауылдық округінен 3 азаматтың құжаттары рәсімделуде. Сондай-ақ, Мақтаарал, Жамбыл, Жаңажол, А.Қалыбеков, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округтерінде, Атакент және Мырзакент кенттерінде 3 азаматтан, Иіржар ауылдық округінен 2 азамат, Еңбекші ауылдық округіненде 1 азаматты микрокредит алуға дайындауда.
«Бұл микрокредит түрін алу үшін белсенділіктің төмен екендігіне бірқатар мәселелер бар. Атап айтқанда, кепілге қойылатын жылжымайтын мүліктің төмен бағалануы немесе жылжымайтын мүлік құжаттарының дұрыс болмауы, сондай-ақ кредит алуға ниетті азаматтардың Түркістан қаласына барып бизнес-жоспарын қорғауға құлықсыз екендігі себеп болып отыр» — деді, Н.Елшібаев.
Жалпы жиын барысында 2,5 пайыздық несиені алу барысында кейбір мәселелер жөнінде ауданның мансаптық орталығының директоры М.Әжіқабылов та өз пікірін білдірді.
Жиынға қатысушы жастар тарапынан сала басшылары мен мамандарға сұрақтар қойылып, қанағаттанарлық жауаптар берді.
Comments