АймақБизнес

ТҮРКІСТАН: 2,5 ПАЙЫЗДЫҚ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ БОЙЫНША 142 ЖАСТЫҢ ЖОБАСЫ МАҚҰЛДАНДЫ

Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Ернар Бектаев айтты.
Ернар Нұралыұлының сөзінше, өңір бойынша 2,5 пайызбен несие алу үшін бүгінге дейін 636 жас құжат тапсырған. Оның 434-і комиссияға ұсынылып, 243 үміткердің бизнес-идеялары қаралған. Нәтижесінде, 142 жастың жобасы мақұлданып, 62 жасқа қаражат аудару жұмыстары жүргізіліп жатыр, 80 жасқа кәсібін жүргізу үшін қаражат берілді. Ал қалған 101 үміткерге несие беру талаптарына сай келмеуіне байланысты оң қорытынды берілмеген.
– Несиелер «Аграрлық кредиттік корпорациясы» арқылы беріледі. Өңір бойынша Қазығұрт, Отырар, Сарыағаш, Түлкібас, Ордабасы аудандарының жастары мемлекеттік бағдарламаға өтінім беру бойынша алдыңғы қатарда тұр. Ал Созақ, Мақтаарал, Бәйдібек, Келес, Сауран аудандары мен Кентау, Түркістан қалаларында белсенділік төмен. Сондай-ақ, Жетісай, Сайрам, Төлеби, Шардара аудандары мен Арыс қаласындағы жұмыстар орта деңгейде, — деді Ернар Нұралыұлы.
Ал Түркістан облысы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалының Несиелеу бойынша директорының орынбасары Әлібек Имашевтің айтуынша, несие мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін, басқа бағыттар үшін – 5 жылға дейін беріледі.
– Несие алушылардың жасы 21-ден 35-ке дейін және жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Үміткердің жасы құжат тапсыру сәтінде ескеріледі. Тағы бір айта кетерлігі, жоба шеңберінде кепілдік қою – басты талаптардың бірі. Үміткерлерде кепіл болмаса, үшінші тарап кепілгер бола алады. Жоба қабылданып, несие алатын кезде кепілгердің сенімхаты мен өзі міндетті түрде болуы тиіс. Сондай-ақ, тұрғылықты жері бойынша Түркістан облысында тіркеліп, ал кепілге қоятын мүлкі басқа өңірде орналасуына рұқсат беріледі. Кепілге жылжымайтын мүліктен басқа меншіктегі ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлер немесе арнаулы техника қабылданады. Өтінім беру үшін құжаттар пакетін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет, — деді Әлібек Қойшыбайұлы.
Жастарға арналған 2,5 пайыздық шағын несиеге құжат қабылдау наурыз айында басталған болатын. Жоспар бойынша, Түркістан облысында 594 жас мемлекеттік бағдарламаға қол жеткізуі тиіс. Түркістан облысының әкімдігі мен аталған жауапты басқарма бағдарламаны іске асыруға 2,9 млрд. теңге қаражат бөлінгенін мәлімдеген еді.
Еске сала кетсек, қазіргі таңда Түркістан облысына қарасты аудан, қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-мен бірлесіп Халықты жұмыспен қамту орталығы мамандары мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл бағыттағы кездесулер мен насихаттау жұмыстары жылдың соңына дейін жалғаспақ.

АУДАНДА «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ БОЙЫНША 22 АЗАМАТ 94,0 МЛН ТЕҢГЕ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Алдыңғы

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙЛЫҚ ТҰРҒЫН ПЛАСТИКАЛЫҚ ҚАЛДЫҚТАН КОМБАЙНҒА АСА ҚАЖЕТТІ БӨЛШЕКТЕР ШЫҒАРАДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *